Түркиядағы зілзаладан зардап шеккен тұрғындарға Қазақстаннан жөнелтілген киіз үйлердің бір бөлігі Жетісу облысында құрастырлды. Мұқры ауылында орналасқан шеберханада бір күнде 3 киіз үй жиналып, барлық жабындыларымен қапталып, дайын болады. Алты жыл бұрын ашылған кәсіпорынның өніміне жыл он екі ай сұраныс бар.
Дәнекерлеуші Азат Бағдаттың бұл шеберханада жұмыс істеп жатқанына 2 жылдан асты. Жалғыз өзі бір күнде бір үйдің қаңқасын жинап шығады. Мұндай үйлер жылдам құрастылады, және өте жеңіл келеді дейді, темір ұстасы. Мәселен бес қанатты киіз үйдің салмағы небәрі 150 келі.
Азат Бағдат, дәнекерлеуші:Әмбе енді бұл төртбұрышты труба болғаннан кейін бұл жеңіл болады. Алып жинағанға да қолайлы. Тез тігіледі, тез құралады деген секілді. Тез қайтадан бұза салуға болады. Енді өте қолайлы.
Шеберханада әрбіз жұмысшының өз міндеті бар. Бірақ бәрі әмбебап. Керек кезде бір-бірін алмастырып жұмысын жалғастыра береді.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:Мына қондырғыны шеберлер өздері құрастырыпты. Бұл негізінен киіз үйлерді диаметріне байланысты қанаттарын июге арналған. Қазір біреуін иіп көрейік. Аса бір күшті қажет етпейді екен.
Ал бұл тігіншілер шеберханасы. Мұнда киіз үйдің жабындылары мен ішіне қажет дүниелер тігіледі. Туырлығы мен түндігіне, дөдегесі мен үзігіне су өткізбейтін брезент қолданылады. Ал қыста жылу сақтап, жазда ыстық өткізбеу үшін арасына киіз бен бірнеше қабат мақта салады. Жабындыға ою өрнекті арнайы принтермен бастырады.
Жолдыхан Зияутдинқызы, шеберхана меңгерушісі:Шыдамдылығы былай он неше жылға кете береді ары қарай. Бір қазақ үйге 150 метр бұл кетеді. Және мына шекпеннен 150 метр кетіп қалады. Біз 8 метрлік, 10 метрлік үй тігіп жатырмыз қазір.
Мұқры ауылында тұратын дәл осы шеберлер мен ұсталардың қолынан шыққан 34 ақбоз үй қазақ халқының ауызбірлігінің арқасында түрік ағайындарға пана болды.
Жарқын Қайсаұлы, кәсіпкер:Азаматтар хабарласып жатыр жана да. Үлгерсек және бір 70-80 үй жасап шығаруды ойға алып отырмыз.
Бабадан қалған асыл мұра уақыт сүзгісінде өз құндылығын жоғалтпай, қазір заман талабына сай жаңа келбетке ие болды. Мұндай киіз үйге әсіресе жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп қонып жүрген малшы қауымнан сұраныс көп дейді, кәсіп иесі.
Қуаныш Қанатұлы