Қостанай облысына оңтүстіктен былтыр 800-ден аса адам қоныс аударған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысына оңтүстіктен былтыр 800-ден аса адам қоныс аударған

21.02.2023

Елге ел қосылса – құт. Соңғы бір жылда Қостанай облысына оңтүстік аймақтардан 800-ден аса адам қоныс аударған. Барлығы халықтың қоныстануы мен еңбек нарығын реттеуге арналған мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар. Көшіп барғандардың арқасында бос жатқан жерлерге жан бітіп, ауыл жанға, төскейі малға толып жатыр. Қоныс аударушыларға қандай әлеуметтік-қаржылай қолдау көрсетілетінін Дәуренбек Әбдібек біліп қайтты.

Сәкен Ділдаев Сарыкөл ауданындағы Соналы ауылына Түркістан облысынан төрт ай бұрын көшіп келді. Алты баласы бар. Өзі көктем туа маусымдық жұмысқа шығам дейді. Одан әрі грант алып жылыжай ашуды жоспарлайды. Ал жұбайы Жұмагүлдің ұзақ жыл сандық түбінде жатқан дипломы осында кәдеге асты. Ауыл емханасына медбике болып орналасты.

Жұмагүл Сейдалиева, медбике:

Ешқандай қиналған жоқпын. Суығына да. Адамдармен араласуға да. Жұмыста қанша уақыт үйде отырып қалғандықтан сәл қиналам. Бірақ оған да көмектесіп жатқандар бар. Келгеніме өкінбеймін.

Соналыда қазір оңтүстіктен қоныс аударған 3 отбасы тұрып жатыр. Бәрі де көпбалалы. Баспанамен, жұмыспен қамтылған, тиісті жәрдемақыларын толық алған.

Сағынбай Сүндеталин, Тәгіл ауылының әкімі:

Программен оларға грант алып беремін. Біреуі тігін цехын ашамын дейді, біреуі жылыжайы саламын дейді. Ондай адамдарға біз көмек береміз.

Былтыр Қостанай облысына 304 қандас пен 808 қоныс аударушы келген. Олардың көш шығыны толық мемлекеттің мойнында. Мұның сыртында отбасының әр мүшесіне 15-тен 30 айлық есептік көрсеткішке дейін демеуқаржы берілген. Биыл тағы 1053 адамға квота бөлініп отыр. Көшіп келген отбасы сол қоныстанған жерінде 5 жыл тұруға міндетті. Бұл келісім бұзылса алған көмектің бәрін мемлекетке қайтарады.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу