Қостанай облысының Рудный қаласында жергілікті ауқымдағы техногендік төтенше жағдай жарияланды.
Төтенше жағдайдың жариялануына қаладағы инженерлік желілердің тозуы салдарынан жылу, су, кәріз құбырларының биыл жиі жарылуы себеп болды. 1 қазан мен 6 ақпан аралығында мұнда жылу мен су құбыры 73 рет жарылып, ондаған тұрғынүйлер мен бизнес нысандары тәуліктеп жылусыз қалған еді. Инженерлік желілердің тозу көрсеткіші 62 пайызға жеткен. Осы жағдайға байланысты Қостанай облысына сапары барысында мемлекет басшысы Рудныйға арнайы келіп, қала басшыларымен, тұрғындармен жолыққан болатын. Ал жарияланған Төтенше жағдайға келсек – бұл апат болған кезде жедел қимылдап, қосымша күштерді жұмылдыруға, қажетті қаржыны да уақыт созбай жылдам бөлуге мүмкіндік береді. Жергілікті билік өкілдері осылай дейді. Жалпы алғанда дәл қазір қаладағы жағдай тұрақты. Коммуналдық қызметтің барлық түрі қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.