Сырдария бойындағы елдімекендер қатаң бақылауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сырдария бойындағы елдімекендер қатаң бақылауда

04.02.2023

Сырдария бойындағы елдімекендер қатаң бақылауда болуы тиіс. Арыс пен Сырдария өзендерін жағалай қонған елдімекендерді әуеден шолған Төтенше жағдайлар министрі кез-келген жағдайға дайын отыру қажеттігін ескертті. Түркістан облысына қарасты Сауран ауданы мен Қаратау беткейін де қарап шықты. Жергілікті атқарушы органдармен және су шаруашылығы мекемелерімен кеңесіп, тасқыннан кейінгі ахуалды пысықтады. Өңірде ауа райы жауын-шашынды болып, күн жылынған жағдайда қамсыз отырмау қажет, деді министр.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Өзбекстаннан келіп жатқан судың көлемі жылдағыдан көп. Шардарада қазір жиналып тұрған судың көлемі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 1 млрд текше метрге артық. Сондықтан қазір судың біраз бөлігі Арнасайға ағызылуда. Егер көрші елдегі ауа райы біздегідей жауын-шашынды болып, күн жылып кетсе, Шардараға келетін судың көлемі артып, қауіп төнуі мүмкін. Жағдайды бақылауда ұстаймыз.

Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар болса, қазір баспаналарына оралып жатыр. Туыстарын паналап кеткендер үй-жайларын ретке келтіре бастады. Дегенмен азық-түлігі мен көмірін су ағызып кеткен тұрғындар мемлекеттен көмек сұрайды. Естеріңізге сала кетейік, тасқынның кесірінен 19 елді мекенде жүздеген үйдің ауласына су кірді.

Раманқұл Түйтебаев, Арыс қаласының тұрғыны:

Сарайлар қирап жатыр. Әкім түнде келіп көріп кетті, жәрдем береміз деп кетті. Мал-жан бәрі аман, соған қуанып жатырмыз. Өзіміздің үй аман қалды. Құдай қаласа қалғаны бітер. Бас аман болсын дейік.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу