Ақтөбедегі демалыс орнында қар тазалаушы көлік адамдарға соқты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбедегі демалыс орнында қар тазалаушы көлік адамдарға соқты

30.01.2023

Ақтөбедегі демалыс орнында жарақат алған 1,5 жастағы сәби оқиға орнында қаза тапқан әйелдің баласы. Қазір, нәрестеден өзге тағы 4 бала мен бір ересек адам аруханада ем алуда. Ал, бір топ адамды жазым қылған техника көлікті тізгіндеген жасөспірімнің туысына тиесілі болып шықты. Қайғылы оқиғаға қатысты соңғы ақпаратты әріптесім Жақсыбек Кемалдан білейік.     

Жақсыбек Кемал, тіліш:
Оқиға дәл осы жерде болған. Қар үстінде жүретін көлік мына жақтан зулап келіп, кезек күтіп тұрған бірнеше адамды соғып өткен. Көліктің кейбір сынған бөлшектері әлі жатыр.

Көліктің тоқтап үлгермей, адамдар арасына қалай кіріп кеткенін мына көріністен байқауға болады. Бұл жерде бүгін демалуға келген ешкім жоқ. Орталық әкімшісі қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Ал, Полиция департаментіндегілердің айтуынша, көлік құралы демалыс орнына тиесілі емес. Яғни, аумаққа сырттан кірген.

Ерболат Сарқұлов, облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
Қарда жүретін көлік осы көлікті басқарған кәмелетке толмаған баланың туысына тиесілі екені анықталды. Ол демалыс базасына ешқандай қатысы жоқ. Тергеу барысында басқа себептер ашылуы мүмкін. Сондықтан, басқа ештеңе айта алмаймын.

Апат кезінде жарақат алған бес бала мен бір ересек адамның денсаулығы қазір оңалып келеді. Аяғы бірнеше жерден сынған 49 жастағы тұрғынның жағдайы орташа. Бес баланың бірі алғашқы көмектен соң үйіне жіберілді. Бас-ми жарақатын алған үшеуі травматология бөлімшесінде. Олардың ең кішкентайы, 1 жарым жаста. Сәби оқиға орнында қайтыс болған әйелдің баласы болып шықты. Ал, жансақтау бөліміндегі 16 жастағы қыздың жағдайы ауыр. Көлікті тізгіндеген 9-шы сынып оқушысы ауыр жарақат алмаған.

Ербол Жапақов, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:
4-ші бала жансақтау бөлімінде жатыр. Балада политравма. Жамбасы сынған. Бас-ми жарақатын алған. Қазір операция қажет емес.

Қазір Ақтөбеде жиырмадан аса қысқы демалыс орны бар. Олардың кейбірі қарда жүретін көліктерді жалға береді. Мұндай жарнама адам өлімі тіркелген демалыс орталығының аумағында да ілулі тұр. Мамандардың пікрінше, мұндай жерлерде қарда жүретін көліктерді тізгіндейтін тәжірибелі маман болуы керек. Сондай-ақ, кез-келген техника аумаққа кіргізілмейді. Тек жылдамдығы төмен, қауіпсіз түрлеріне ғана рұқсат беріледі.

Серік Бейбітұлы, демалыс орнының қызметкері:
Снегоходтарымыз бар. Өзінің жеке жүргізушісі болады.Снегоходтарымыз кішкентай, жылдамдығы төмен. Бес айналады, ата-анасымен бірге отырады.

Сондай-ақ, қысқы спорт түрлерімен айналысатын балаларға негізгі ережелер мектеп қабырғасында үйретілуі тиіс. Дегенмен, әр орталықта арнайы нұсқаушылардың болуы шарт. Полицейлердің айтуынша, қарда жүретін машина ауыл шаруашылығы техникасына жататын болғандықтан, жүргізуші куәлігі талап етіледі. Ал, көлікті ұрлап мніп кетіп, қайғылы оқиғаға себепші болған жасөспірім қазір медициналық тексеруден өтіп жатыр.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу