Ақтөбеде қарда жүретін көлік қағып кеткен 16 жастағы қыздың жағдайы ауыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде қарда жүретін көлік қағып кеткен 16 жастағы қыздың жағдайы ауыр

30.01.2023

16 жастағы қыздың жағдайы ауыр: Ақтөбелік жасөспірім қарда жүретін көлікпен бір топ адамды қағып кетті

Ақтөбедегі қысқы демалыс орнында жарақат алған балалар ауруханада ем алып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, өткен сенбіде қар үстінде жүретін көлік бір топ адамды қағып кетіп, 40 жастағы әйел сол жерде жан тапсырды. Одан бөлек, 5 бала мен бір ер адам зардап шекті. Қазір бізбен осы өңірдегі меншікті тілшіміз Жақсыбек Кемал тікелей байланысқа шығуға дайын, Жақсыбек, жарақат алғандардың қазіргі жағдайы қалай?

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір балалар ауруханасында 4 бала жатыр. Біреуі алғашқы көмектен соң үйіне жіберілген. Дәрігерлердің айтуынша, 16 жастағы қыздың жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде. Жамбас сүйегі сынған. Басынан жарақат алған және денесінің кей жері көгерген. Тағы үш бала травматология бөлімшесінде. 16, 5 және 1 жастағы емделушілердің толық сауығып кетуіне біраз уақыт қажет. Олар бас-ми жарақатын алған. Сондай-ақ, 49 жастағы ер адамның аяғы сынған. Жағдайы орташа.

Оқиға болған демалыс базасы уақытша жұмысын тоқтатты. Ол жерде қарда жүретін көлік белгіленген аумақтан бір айналып келу үшін 2 мың теңгеге жалға беріліп келген. Дегенмен, орталық әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы бұл көліктердің өздеріне тиесілі еместігін хабарлады.Бұл оқиғаға қатысты облыстық Полиция департаменті тексеріс жүргізіп жатыр.Түстен кейін құзырлы орындар мән-жайды баяндап, арнайы баспасөз мәслихатын өткізбек. Тың деректермен бөлісетін боламыз.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу