Тобыл қаласы тұрғындары медициналық қызмет сапасына риза емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тобыл қаласы тұрғындары медициналық қызмет сапасына риза емес

30.01.2023

Дәрігерге қаралу үшін айлап күтуге мәжбүр. Қостанай облысындағы Тобыл қаласы тұрғындарының медициналық көмектің сапасына көңілдері толмайды. Толық тексеруден өтіп нақты диагноз қойылғанша бірталай уақыт өтеді. «Сөйтіп жүргенде ауру асқынып, дертіңе дерт қосылады» дейді тұрғындар. 

Серік Құсайынов жүрегіне ота жасатқан. Осы дертпен есепте тұр. Желтоқсан айында денсаулығы сыр бергесін кардиологқа қаралмақшы болған. Алайда ол үшін алдымен учаскелік терпаевтің қабылдауында болуы керек. Бірақ дәрігердің қабылдауына кірмек түгілі оған кезекке жазылудың өзі мұңға айналды.

Серік Құсайынов, Тобыл қаласының тұрғыны:

Жаңа жылдың алдында жазылып едім, жазылған учаскелік терапевт демалысқа кетіп қалды деді. Жаңа жылдан кейін кел деді. Енді қаңтар аяқталуға таяу әлі жазыла алмай жүрмін. Сөйтіп жүргенде уақыт өтіп бара жатыр.

Машақат мұнымен бітпейді. Терапевтке кіргеннің өзінде ол алдымен толып жатқан тексерістен өту үшін жолдама жазып береді. Содан соң тағы арнайы маманның қабылдауына жазыласыз, тағы кезек күтесіз. Медициналық құрылғылар арқылы тексерілу де кезек пен күтуден тұрады. Мысалы Кәдір Қабиевке жүрегін «холтер» аппараты арқылы тексеруге жолдама желтоқсанда берілген, ал кезегі 8 ақпанда келеді.

Кәдір Қабиев, Тобыл қаласының тұрғыны:

УЗИ-ге бар деді. Бөліп алған Узилары бар ма қалаға әрбір емханаға бір айдайды. Сол жүргенің осылай. 2-3 ай керек қаралу үшін. Мұнда біз жанымызға шипа іздеп келеміз 2-3 ай жүру үшін емес.
Аудандық ауруханаға басшылары кардиолог, невропатолог, травматолог, рентгенолог тәрізді арнайы мамандар тапшы екенін айтады. Бірақ оларға кезектің көптігінің себебі бұл емес. Ал терапевке кіруге тіпті еш қиындық жоқ деп отыр.

Владимир Шатерников, аудандық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

Терапевт, педиаторлар біздің штатта жеткілікті. Бір айдан артық қабылдауға кіре алмау деген жоқ. 2-3 күнде кіруге болады. Ал арнайы мамандардың алдында кезек көп болуы, біздің ғимарат талапқа сай емес. Бірақ біз мұндай жағдайда науқастарды облыс орталығындағы мамандарға жібереміз. Мәтін: Яғни міндетін атқарушының айтуынша қызмет көрсетуде еш мін жоқ. Бірақ айлап қабылдауға кіре алмай пұшайман боп жүрген тұрғындардың көңілі құрғақ сөзге жұбанбасы анық. Жалпы облыс бойынша 474 дәрігер жетіспейді.
Кадр тапшылығын шешу үшін жас мамандарға материалдық көмек көрсетіледі. Өткен жылы 85 дәрігерге көтерме ақы беріліп, 5-уі баспанамен қамтылды. Тағы 44 маман басқа да әлеуметтік қолдауға ие болған. Әйтсе де 500-ге жуық маманды аз уақытта тауып, кадр тапшылығын жуық арада шешу мүмкін емес. Мысалы былтыр Қостанай облысында 40 дәрігер ғана келген.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу