Қостанай облысында өртенген орманның орнын тазалау жұмысы жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында өртенген орманның орнын тазалау жұмысы жүріп жатыр

27.01.2023

Қостанай облысында күйген ағаштарды кесіп, өртенген орманның орнын тазалау жұмысы жүріп жатыр. Күйген ағаш қалай кәдеге жаратылады? Оны сатудан түскен қаржы қайда жұмсалады?

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Бұл - Аманқарағай орманы. Алайда, тап осы жерде жаздағы алапат өрттен аман қалған қарағай жоқ. Күйген, күйе басқан, әшейін қара бағанға айналған. Қайтадан көктемейді. Енді оларды кесіп, кәдеге жаратуға ғана болады.

Қолына ара ұстаған жұмысшылар алдымен жансыз ағашты түбінен қиып осылай сұлатып түсіреді. Сонан соң трактормен сүйреп ашық алаңға шығарады. Әрі қарай жұмысшылардың келесі тобы бұтақтарын шауып, тасымалдауға ыңғайлап бөлшектеп кесіп, текшелеп жинайды. Былтыр күзде орман шаруашылықтарына 14 жаңа трактор берілген. Жаңа техниканың жұмысы да өнімді, механизаторға да жайлы.

Азамат Ахметқалиев, механизатор:

Бұрынғыдай қозғалтқыш жоқ, бәрі пультпен, джостикпен. Ыңғайлы. Жылы. Кондиционері бар. Жазда жақсы болады енді желдеткіш.

Ардақ Нұрғазин 15 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі орманшылардың бірі. Оның қазіргі міндеті ағаш кесу жұмыстарының белгілі тәртіппен заң талаптарына сай жүруін қадағалау.

«Былтырғы алапат өрт кезінде қалың жұрт жұдырықтай жұмылып көмек көрсетпегенде, апаттың салдары бұдан әлдеқайда ауыр болар еді», -дейді ол.

Ардақ Нұрғазин, орманшы:

Халыққа ризамыз. Халық қашанда көмектеседі өрт болғанда. Дабыл қағылады ғой. Соны естіп өздері келеді көмекке. Қазақстан бойынша келді ғой өрт сөндірушілер. Соларға да ризамыз.

Осы жерде жұмыс істеп жатқан «Семиозер» орман шаруашылығы биыл 2 мың гектар жерден 300 мың текшеметр ағаш кесуі тиіс. Оны сатудан түскен қаржы материалдық техникалық базаны нығайтуға жұмсалады.

Еркін Баймағанбетов, «Семиозер» орман шаруашылығы басшысының орынбасары:

Биыл осы ақылы қызмет есебінен 3 КамАЗ өрт сөндіру көлігін сатып аламыз. Олардың әрқайсының құны шамамен 80 млн теңге болады.

Ал облыс бойынша биыл орманшыларға тағы 30 трактор мен алты өрт сөндіру көлігі беріледі. Сонымен қатар, бірінші қаңтардан бастап қызметкерлер саны 226 адамға көбейді.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу