Қостанай облысының Әулиекөл кентінде ауданаралық инсульт бөлімі өз жұмысын бастады. Бұл жоба Мемлекет басшысының шалғай ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызметті қолжетімді ету туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асып отыр. Жаңа бөлім көршілес үш ауданның халқына қызмет көрсетеді. Мұнда жүрек, ми қантамырларына күрделі операция жасауға мүмкіндік бар.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:Бұл компьютерлік томография кабинеті. Әйнектің аржағындағы қымбат құрылғы адамның басынан бастап бойындағы барлық сырқатын көрсетіп береді. Оны мына компьютер мониторынан бірден қарап отыруға болады.
Яғни, заманауи құрылғының арқасында уақыт оздырмай бойдағы сырқат жедел әрі дәл анықталады. Осылайша ауруды асқындырмай, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік көбейеді. Ал рентгенді операция бөлмесінде жүрек, ми қантамырлары тексеріліп, диагноз қойылады. Қажет жағдайда сол тексеріс үстінде ота жасалады.
Елнұр Маханов, Инсульт бөлімінің меңгерушісі:Операция столы мына жұмыс панелдері арқылы басқарылады. Дәрігер сол арқылы столды қозғап, науқастың денесін өз жұмысына ыңғайлы етіп қоя алады. Сонымен қатар рентген аппаратын да жылжытып, қажетті бейнені әртүрлі ракустан түсіруге болады.
Өз жұмысын 4 қаңтарда бастаған бөлімде осы уақытқа дейін 4 операция сәтті жасалды. Мұнда бір мезгілде 30 адам жатып ем қабылдай алады. Бір айда 70-75 адам да жатады. Бір жыл ішінде жүрек тамырларына 200, ми тамырларына 120 операцияға дейін жасауға болады. Бұл облыстық аурухананың жүктемесін азайтады.
Валентина Коп, Аманқарағай ауылының тұрғыны:Жаңадан ашылса да бұл бөлім туралы көпшіліктің пікірі жақсы. Бұған дейін қаралып ем алу үшін облыс орталығына жіберетін. Жолға қалтаңнан ақша шығарасың, жүріс көбейгесін ауруың да асқынады. Уақыт жоғалтасың. Біз үшін жақын жерден осындай бөлім ашылғаны үлкен көмек.
Жаңа бөлімде әзірге үш дәрігер ғана бар. Көп ұзамай өзге де медицина қызметкерлерінің қатары білікті мамандармен толығады.
Арайлым Кәдірбекова, мейірбике:12 жыл болды мейірбике болып істеп келе жатқаныма. Ашылғаннан кейін осы бөлімге келдім. Әр жұмыстың өз жауапкершілігі, қиындығы бар. Үйренеміз. Бұл бөлім жақсы деп айта аламын.
Жаңа инсульт бөлімі Әулиекөл, Наурызым, Қарасу ауданының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Осындай ауданаралық медицина мекемесі облыс бойынша Арқалық және Жітіқара қаласында да ашылған.
Дәуренбек Әбдібек