Қызылорда облысындағы көлдерде балыққа оттегі жетпей, қырылып қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысындағы көлдерде балыққа оттегі жетпей, қырылып қалуы мүмкін

24.01.2023

Қызылорда облысындағы өзен-көлдерде балыққа оттегі жетпей, қырылып қалуы мүмкін деген қауіп бар. Себебі су айдындарының бетіне қалың мұз қатты. Сондықтан мамандар су маржандарын осы мұз құрсауынан құтқару шараларына білек сыбана кірісті. 

Облыста Кіші Арал теңізінен бөлек, ірілі-ұсақты 200-ден аса көл бар. Биылғы қыста су айдындарындағы мұздың қалыңдығы 40 сантиметрден асқан. Мұндайда су астындағы тіршіліктің тынысы тарылып, әсіресе балықтарға өттегі жетпей жатады. Сондықтан табиғат жанашырлары мұз бетінен ойықтар жасайды.

Әділбек Серікұлы, тілші:
Көл бетіндегі мұзды ойғаннан кейін міндетті түрде мынадай бір бау қамыс салынады. Себебі, ойған жер қайтадан мұз қатып қалуы мүмкін. Ал мына сабан арқылы су астындағы балықтарға оттегі жетіп тұрады.

Қыстың көзі қырауда қалың мұзды ою да оңай шаруа емес. Дегенмен, су айдынының көлеміне қарай 10-15 жерден ойық жасалады. Балық шаруашылығы инспекторларына бұл ретте табиғат пайдаланушылар қолғабыс етеді.

Бахтияр Балжанов, Арал-Сырдария бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:
Бір қыста мұздың қатуына байланысты күннің жылып мұздың қайтадан қатуы байқалған жағдайда мониторинг жүргізіліп отырады. Сол мониторингке байланысты ойықтарын ойып, оттегі жіберу процесін жүргізеді. Алдын алу шараларының арқасында мұздан ауа жетпей балық қырылу тіркелген жоқ.

Аймақтағы 200-ден аса көлдің 185-де жеке тұлғалар балық өсіру шаруашылығын қолға алған. Соның бірі, Таң ауылының тұрғыны Жақсыбике Ишамбекова. Ол отбасымен бірге аумағы 17 гектар болатын Қарасу су айдынын өз иелегіне алған. 15 жылдан аса уақыт осы көлді күтіп ұстап, балық өсіріп, сатумен айналысып келеді.

Жақсыбике Ишамбекова, Таң ауылының тұрғыны:
Жазда балаларым тазалығын сақтайды, қыста мынадай мұзды ойып қамыстарын салады. Бұл кәсібіміз. Балаларым осыдан балық аулап әп-әдемі отбасын асырап отыр.

Жалпы табиғи құбылыстан бөлек аймақта балықты қырып аулайтын браконьерлерден де келетін қауіп-қатер аз емес. Мәселен былтыр инспекторлармен 455 заңсыз балық аулау дерегі анықталған. Су айдындарында жануарлар дүниесіне 5 миллион теңдеген астам залал келтірілген.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу