Қызылорда облысындағы ең ірі цемент зауытының жұмысы тоқтап қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысындағы ең ірі цемент зауытының жұмысы тоқтап қалуы мүмкін

12.07.2023

Қызылорда облысындағы ең ірі цемент зауытының жұмысы тоқтап қалуы мүмкін. Даулы мәселе өндіріс орнының санитарлық аумағына қатысты болып тұр. Себебі, кәсіпорынға жақын елді мекеннің бірнеше тұрғыны арызданып, іс бүгінде сотқа дейін жеткен. Ал зауытта еңбек ететін 600-ден аса адам тұрақты жұмысымыздан айырылып қаламыз ба деп алаңдап отыр. Осыдан бес жыл бұрын 64 миллиард теңгеге салынған цемент зауыты аймақтағы сәтті жүзеге асқан ең ірі индустриялық жобалардың бірі. Жылына бір миллион тонна құрылыс ұнтағын шығаратын кәсіпорында жұмысшылардың 80 пайызы жергілікті тұрғындар.

Табиғат Әбеков, зауыт жұмысшысы:

Егер зауыт жабылатындай болса бір ауыл жұмыссыз қалады деген сөз ғой. Бала-шағамызды қалай асыраймыз деген сұрақ туады. Кредиттеріміз бар.

Үлкен өндіріс орнының тоқтауын талап етіп отырғандар Қодаманов ауылының бірнеше тұрғыны. Оған себеп, зауыттың санитарлық аумағына елді мекеннің шет жағында орналасқан бірнеше үй еніп кеткен. Алайда, ауыл жастары жұмыс істеп, нәпақасын тауып отырған кәсіпорынның жабылуын көпшілік құптамайды.

Құрманбек Қарекеев, Ш.Қодаманов ауылының ардагері:

Ауылда тек науқандық жұмыс. Әрі кетсе 6 ай, 4 ай ғана мына егінде жұмыс бар. Басқа уақытта бос. Сол 85 адам бала-шағасын осыдан асырап отыр. Біздің әрі қарай өмір сүруімізге зауыт керек болып тұр. Өйткені, бізде басқа жұмыс көзі жоқ.

Алмас Дүйсембаев, арызданушы:

Сол жердегі тұрғындарды санитарлық қорғау аумағын бекітіп, басқа жерге көшіру қаралып жатыр. Жұмысын тоқтатып тастау ондай мәселе ешбір көтерілген жоқ. Бұл арыз-шағымда.

Ал зауыт басшылығы өндірістен шығатын түтіннің өзі бірнеше сүзгіден өтіп, ауаны ластамау жағы бірінші орынға қойылған деп отыр. Тәуелсіз сарапшылармен арнайы сынамалар да жиі жүргізіліп, мамандардың оң қорытындысын алған. Дегенмен бірнеше ғана адамның арыз-шағымын ескеріп, мәселені дау-дамайсыз шешуді де қарастырыпты.

Ғабит Құлмахан, «Гежуба» цемент зауытының заңгері:

Біздің зауыт ол компенсациядан да қашып отырған жоқ. Бірақ әділ компенсация өзінің үйіне сәйкес бағада деген сияқты. Ал ол кісілер одан да жоғары ақылға қонымсыз талаптар қоюда. Алматыдан, Астанадан үй алып беріңіз деген сияқты. Сондықтан біз әрі қарай даулаймыз заң шеңберінде.

Цемент зауыттың айналасындағы дау жергілікті биліктің де басты назарында. Қазір өндіріс орнының санитарлық аумағын белгілеу тәртібін 500 метрге дейін қысқарту жағы сотта қаралып жатыр. Егер, кәсіпорын жабылса бір мезетте жұмыссыз қалатын 600 ден астам адамның тағдыры аудан әкімдігіне де үлкен мәселе болғалы тұр.

Әлібек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу