Түркістан облысының Келес ауданында мал өрісі кеңейіп келеді. Себебі кезінде жекенің қолына өтіп кеткен жайылым ортақ пайдалануға беріле бастады. Ал пайдаланылмай жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр.
Түркістан облысының Келес ауданында мал санына шаққанда 165 мың гектар жайылым жер жетпейді. Өйткені мал жаятын жерлер кезінде талан-таражға түсіп, жекенің қолына өтіп кеткен. Ал, екі ауылдық округте мүлде жайылым қалмаған.
Орынбасар Қалымбетов, Жаңақоныс ауылының тұрғыны:Мынау жанымыздың барлығы бау-бақша, анау-мынау. Содан кейін қырға шығарып жаямыз. 5-6 километр ұзақ та жайылымымыз. Балалар барады, өзіміз барамыз. Кезекпен бағады. Ауылдың ішінде жайылым жер тар.
Шабындық пен табындық жер тапшы екенін жергілікті билік жақсы біледі. Мәселені біртіндеп шешіп жатырмыз дейді. Былтыр жер иелерімен меморандум жасап, аудан бойынша 60 мың гектар жер ортақ пайдалануға өткен. Яғни кәсіпкерлер жайылымды қоршап алмай, ауыл тұрғындарына да мал жаюға рұқсат береді. Сондай-ақ, пайдаланылмай жатқан әрі мерзімі өткен 20 мың гектар жер аудан қорына қайтарылған.
Сүлеймен Жылқыбаев, Келес ауданы әкімінің орынбасары:Қайтарылмай жатқан жерлердің барлығын «Ғарыш сапары» өзі анықтап беріп жатыр. Біздің базамызға келіп түседі. Біз базамыздан алып, хабарлама береміз иесіне. Хабарлама бергеннен кейін ол жерде ешкім ешкімді алдай алмайды. Қанша уақыттан бері пайдаланбай жатыр, қанша уақыттан бері не істелініп жатыр ол жерге. 15-20 кәсіпкер өз еркімен қайтарғандар бар.
Ал, аудандық прокуратураның ықпалымен 7 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Сонымен бірге, бос тұрған 19 мың гектар жайылым ортақ пайдалануға берілді. Осы салада заңбұзушылықтарға жол бергендер тәртіптік жазаға тартылған.
Ғалымжан Бейсеқұлов, Келес аудандық прокуратурасының аға прокуроры:Аудан әкімінің орынбасары, жер бөлімінің басшысы, шенеуніктер ол жерде конкурсты өткізу барысында заңсыздықтарға жол берген. Яғни, мал басы тіркелмеген тұлғаларға жер беру фактілері орын алған. Жалпы 7 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Соңғы бір жылда тек Келес ауданында 520 мың гектар жер қайта мемлекет қарамағына өтті. Дегенемен, ауыл тұрғындарынан «тоқымдай жер бұйырмай тұр» деген шағым әлі де көп. Сондықтан, прокуратура мен жергілікті билік осы бағыттағы жұмысын биыл да жалғастырады.
Айнұр Ақбаева