«Дәстүр дәмі»: Оралда бас аспаздар бақ сынады
Оралда қоғамдық тамақтану қызметкерлерінің күніне орай «Дәстүр дәмі» ұлттық аспаздар байқауы ұйымдастырылды. Биыл алғаш рет атап өтілетін кәсіби мереке қарсаңында қала мен ауыл-аймақтан келген 14 бас аспаз біліктілігін сынға салды. Бір сағаттың ішінде хас шеберлер ұлттық тағамның түр-түрін дайындап, сыншыларға ұсынуы шарт. Осы аралықта этнографтар ұлттық тағамның әралуандығы, гастрономия тарихы туралы танымдық дәріс оқыды. Іс-шараға колледж студенттері, өндірістік оқыту шеберлері де қатысты. Аспаздар берілген уақытта қарын бөртпе, жент, балқаймақ секілді ет, сүт, дәнді дақылдан жасалған тағамдарды дастарханға қойды. Қазылар алқасы кәсіби мамандардың дәстүр мен жаңашылдықты шебер тоғыстырғанын атап өтті.
Әйгерім Мұсағажинова, этнограф, ұлттық тағам зерттеушісі:
Ұлттық гастрономия саласын өңірлерде дамыту керек. Әр аймақтың өз ерекшелігі бар. Мысалы батыста жылқы етінің дәмі бөлек. Сондай-ақ Жайық жағасында мия тамыры, таңқурай, қара өріктің түр-түрі өседі. Соларды ұтымды пайдаланып, Оралдың өз дәмін қалыптастыру керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
