Түркиядағы Швеция елшілігінің алдында шеру өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркиядағы Швеция елшілігінің алдында шеру өтті

23.01.2023

Түркиядағы Швеция елшілігі мен консулдығы алдында түрік жастар ұйымдарының өкілдері шеру өткізді. Олар оңшыл-экстремистік бағыт ұстанатын швециялық саясаткер Расмус Палуданның Стокгольмдегі Түркия елшілігі алдында Құран кітабын өртегеніне наразылық білдірді. Шеруге жиналғандар Ислам діні мен Құран кітабын қолдайтын ұрандар айтып, Швецияның туын өртеді. Жастар ұйымдары Швеция билігін бұл арандату акциясын жасауға мүмкіндік беру арқылы, әсіреұлтшыл саясат пен исламофобияны қолдап отыр деп айыптады. Түрік полициясы Швецияның елшілігі ғимаратын қорғауға алды. Ал Консулдық қызметкерлері терезелеріне «кітапты өртеген бұл ақымақтың көзқарасын біз де құптамаймыз» деген жазу іліп қойды.

Месут Емре Балжы, Жастар ұйымының төрағасы:

Швецияның барлық мұсылмандардың қасиетті кітабы Құранға қатысты осындай провакциялық әрекетке рұқсат беруі олардың да бұл іске қатысы барын көрсетеді. Бұл әлемдегі барлық мұсылман жастардың наразылығын тудырды. Оның үстіне бұл жағдайдың Түркия елшілігі алдында жасалуы түрік халқына қарсы жасалған әрекет деп білеміз.

Осыған ұқсас шерулер Түркияның өзге де қалаларында өтті. Бұдан бөлек, Швецияның әрекетіне қарсылық білдіру мақсатында барлық мешіттерде Құран оқылды. Ал Түркия билігі 27 қаңтарға жоспарланған Швеция қорғаныс министрінің елге сапарына тыйым салды.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу