Анкарада «Қазақстандық музыка кеші» өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анкарада «Қазақстандық музыка кеші» өтті

03.11.2014
Анкарада «Қазақстандық музыка кеші» өтті

Түркия астанасы Анкарада қазақстандық әйгілі өнер қайраткерлері Ардақ Балажанова және Ержан Жаменкеевтің қатысуымен «ТРТ» арнасының орталық концерт залында «Қазақстандық музыка кеші» өтті. Шара Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен Түркияның 91 жылдығына орайластырылған, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайты.

Музыкалық кешке «ТРТ-Аваз» телеарнасының басшысы Юксел Дегержан, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі қызметкерлері, Анкара дипломатиялық корпусы мен анкаралық мәдени элитаның өкілдері, қоғамдық-саяси қайраткерлер, Түркия Парламенті депутаттары, қазақ диаспорасы мен студенттер қатысты.

«Бауырлас Қазақстан шеберлерінің концерті бізді өте қайран қалдырды. Қазақ музыкасында біз өзімізге жақын келетін түркі әуендерінің лебізін тыңдай алдық. Біз қазақ-түрік қарым-қатынастарының мәдени-гуманитарлық саласы бойынша да белсенді дамып келе жатқанына қуаныштымыз», - дейді «ТРТ-Аваз» телеарнасының басшысы Юксел Дегержан.

Айта кетейік, концерт әлемнің 50 шақты елінде тікелей эфирде көрсетілді.

Хабарламаларға жазылу