Үкімет басшысы бүгін Сауда және интеграция министрлігінің алқа отырысына қатысты. Жиында Әлихан Смайылов әлеуметтік тауар бағасының қымбаттауына жол бермеу керегін қатаң тапсырды. Ал ведомства басшысы Серік Жұманғарин азық-түлік тапшылығы мен қымбатшылықтың алдын алу үшін қандай жұмыстар жүріп жатқанын жеткізді.
2022 жыл оңай болған. Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин сөзін осылай бастады. Иә, былтыр геосаяси ахуал ушықты, сауда айналымы бұзылды. Азық-түлік 25 пайызға қымбаттап, жұрт қант таппай қалды. Былтырғы қателіктерден сабақ алдық деген министр, биыл негізсіз қымбатшылыққа жол бермейміз деді.
Серік Жұманғарин, ҚР Сауда және интеграция министрі:
Ол біріншіден көкөністер. Картоп, пияз, қырыққабат және сәбізбен қамтамасыз ету керек. Сол үшін осы аталған көкөністер бізде наурыздың соңына дейін жеткілікті көлемде бар. Қазір оны сақтауды үйрендік.
Яғни қыс, көктемде қымбаттайтын көкөністің қазір үш айға жететін қоры бар. Әрі ол үнемі толықтырылып отырмақ. Мәселен сәуірден бастап Өзбекстан, Тәжікстан мен Пәкістаннан ауылшаруашылығы өнімдері көптеп келе бастайды. Яғни сұраныс толық қамтылған соң, баға көтерілмейді дейді министр. Десе де биыл тапшылық болмайды деп уәде бере алмады.
Серік Жұманғарин, ҚР Сауда және интеграция министрі:
Себебі бұл жағдайға байланысты. Қазіргі уақытта күнде бірдеңе өзгеріп жатыр. Енді құдай қаласа дағдарыстар болмаса, онда уәде береміз. Себебі біз дайынбыз.
Ал Үкімет басшысы қант тапшылығы секілді жағдайға бұдан былай жол бермеу керек деді. Осы ретте мынаны тапсырды. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер елімізге қандай да бір тауар экспортын шектейтін болса, оны Қазақстанға 2-3 ай бұрын ескерту мәселесін көтеру. Өйткені былтыр Ресей аяқасты қант тасымалын тоқтатқан соң, бізде тапшылық болғаны белгілі. Әрі министрлік әлеуметтік тауар бағасын қатаң бақылауы керек.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Халық үшін бұл жұмыстардың маңызы өте зор және ол мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Баға белгілеуге көптеген факторлар әсер ететінін ескеру қажет. Сондықтан министрлік тиісті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірге үйлесімді жұмыс істеуі тиіс.
Досжан Маратұлы, тілші:
Смайылов министрлікке сыртқы сауданы дамытуды тапсырды. Осы ретте Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай, Түркия, Үндістан мен Иранға еліміздің сауда өкілдерін жіберу қажет деді. Олар сонда жүріп, инвестиция тартумен, Қазақстан тауарын сатумен айналыспақ. Премьердің айтуынша, бұл бес мемлекетпен алыс-берісті 400 миллиард долларға жеткізуге мүмкіндік бар.
Досжан Маратұлы