Жамбыл облысында 11 инвестициялық жоба жүзеге асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында 11 инвестициялық жоба жүзеге асты

06.01.2023

Өткен жылы еліміздің ауыл шаруашылығы саласында 227 инвестициялық жоба іске асты. Олардың жалпы құны 214 млрд теңгеден көп. Аграрлық сектордағы үлкен жобаның бірі Жамбыл облысына тиесілі. Бұл аймақта азық-түлік сақтайтын заманауи кешен салынып жатыр. 

Жамбыл облысы аграрлық сала үшін өте қолайлы өңір. Сондықтан да мұндағы инвестициялық жобалардың басым бөлігі мал және егін шаруашылығына бағытталған. Солардың бірі қазір салынып жатқан азық-түлік сақтайтын заманауи кешен. Жоба құны - 10 миллиард теңге. Сыйымдылығы 50 мың тонна болатын қойманың құрылысы аяқталғанда 1000-ға тарта қала тұрғыны жұмысқа тартылмақ.

Самат Үрпеков, «Тараз көтерме тарату орталығы» ЖШС директоры:
Облыстың тұтынатыны 25-30 мың тоннаның арасында. Қалғанын біз экпортқа жіберуіміз керек. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанды айтайық. Сонымен қатар Қытай елі де бізге үлкен меже қойып отыр.

Кешенде азық-түлік сақтаудан бөлек, жергілікті сауда орындарын ауылшаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету жағы да қарастырылып отыр. Жобаның мақсаты да сол, ортадағы делдалдарды азайтып, тауар бағасын тұрақтандыру. Бұл саудагерлер үшін де тиімді болмақ.

Талғат Дүйсенов, «Ауыл береке» базарының директоры:
Енді бұл жоба жүзеге асып толықтай жүрген соң облысымызда бағаның, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың төмендеуіне әсерін қатты тигізеді. Себебі бастапқы жиын-терінде осы қоймаларда сақталып, баға қымбаттаған кезде сатылса ол тұтынушыларға да ыңғайлы баға арзандайды.

2022 жылы аймақта 16 миллиард теңгеге 11 жоба жүзеге асты. Нәтижесінде 600 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Шағын инвестициялық жобаларға да ерекше көңіл бөлінген.

Нұржан Мұқашев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
Жалпы аймақта 2025 жылға дейін Жамбыл облысын дамытудың жол картасы бар. Соның аясында да 73 миллиардқа жуық қаржыға 716 инвестициялық жоба жүзеге асыру көзделген. Олардың негізгі бағыты сүт фермалары, көкөніс сақтау қоймалары, бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері.

Өңірде 2025 жылға дейін агро салада 322 миллиард теңгенің 50 инвестициялық жобасын іске асыру көзделіп отыр. Ал бірегей инвестициялық кешен іске қосылса, Жамбыл облысын негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз етеуге мүмкіндік бар.

Н.Болатұлы


Хабарламаларға жазылу