Арқалық қаласындағы жылу желісінің 85 пайызы тозған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арқалық қаласындағы жылу желісінің 85 пайызы тозған

30.12.2022

Арқалық қаласындағы жылу желісінің 85 пайызы тозған. 2 жыл бұрын пайдалануға берілген көмірмен жанатын жаңа жылу орталығынан да қайта – қайта ақау шығып, толық жұмыс істеп кете алмай тұр. Бұл қаланың қауіпсіздігі қыл үстінде тұрғанын көрсетеді. Қостанай облысының су жаңа әкімі өзінің өңірлерге сапарын шалғай аудандардан бастап, күрмеулі мәселелермен танысты.

Арқалықта 133 көпқабатты үй болса соның 100-і күрделі жөндеуге мұқтаж. Инженерлік құбырлардың бәрі шіріп тұр, жиі жарылып жертөленің ішін лас су басады. Соның салдарынан ылғи ылғалданып, жағымсыз иісі пәтерлерді де жайлап кетеді.

Үмітхан Алшынбаева, қала тұрғыны:
Канализация тазартылмайды. Өте жаман иіс кеп тұрады үйге. Бір жылдары үйде тышқан қаптап кетті. Оны өз күшімізбен тазарттық. Жертөледе тышқан деген қаптап жүр.

Қала ішіндегі 35 шақырымға жуық жылу құбыры да тозып тұр. Оны жаңарту үшін қазір 13,8 млн теңгеге жобалық сметалық құжат дайындалып жатыр. Ал мемлекеттің млдрттаған қаржысы жұмсалған жаңа жылу орталығының ақаудан арылмау себебін енді құзырлы орындар тексермек. Аймақ басшысы он жылдан бері қаңырап, жартылай қирап жатқан «Горняк» мәдениет үйіне де бас сұқты. 544 орындық мәдени нысанды жөндеу туралы бұған дейін бірнеше рет бюджеттік тапсырыс берілгенімен ақша бөлінбеген.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
Облыс орталығындағы кейбір қымбат жобаларды қысқарттық. Сол үнемделген қаржыны Торғай өңіріне бөлеміз. Келесі жылғы бюджет 11 млдр теңге көлемінде болады.

Бұл қаржы елдімекендерді абаттандырып, инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Облыс әкімі жауапты мекеме басшыларына 2023 жылы «Горняк» мәдениет үйін жөндеуге қаржы қарастыруды тапсырды. Жанкелдин ауданындағы «Балдырған» балабақшасы да күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар Торғай өңірінде барлығы 70 елдімекен интернетпен қамтылған болса, соның 35-нің байланысы өте нашар. Ал 7 ауылда мүлде ұялы байланыс жоқ. Аймақ басшысы алдағы жылы бұл мәселенің оң шешімін табуына күш салатынын айтты.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу