Жас өнертапқыштар улы газды анықтайтын қондырғы құрастырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жас өнертапқыштар улы газды анықтайтын қондырғы құрастырды

24.12.2022

Жыл басынан бері Жетісу облысында 500-ден астам өрт тіркелді. Тілсіз жау 13 адамның өмірін жалмады. Сондай-ақ өңірде улы газ бен ыстан уланудың 10 жағдайы болып, 7 адам иіс тиіп қайтыс болған. Дәл осы сандарға алаңдаған талдықорғандық оқушылар түрлі газдарды анықтайтын дабыл қондырғысын құрастырып шығарды.

№20 лицейдің 10 сыныбында оқитын Ердос пен Тимур дабыл датчигіне құрастыр үшін небәрі 5 мың теңге жұмсапты. Ал қазір сатылымдағы мұндай құрылғылардың құны бірнеше есе қымбат. Әзірше қондырғы 220 вольттық тоқтан қуат алады. Ерекшелігі газдың кез келген түрін және концентрациясын анықтайды. Ақпаратты 30 секундта смартфонға жеткізеді.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Оқушылардың ойлап тапқан қондырғысының тағы бір ерекшелігі қосымшасын андройд платформасындағы кез-келген смартфонға жүктеуге болады. Демек мейлі сіз жұмыста болыңыз немесе шетелде іс-сапарда болыңыз сізге дабыл қағылады.

Жас өнертапқыштар туындысын жетілдіріп, республикалық Дарын байқауына ұсынбақ. Одан кейін патент алып, жаппай шығарылымға қойсақ деген армандары бар.

Ердос Есенталов, 10-сынып оқушысы:

Біз бұл датчикті тоқтан емес аккумулятор батереясынан қуат алатындай етіп жасағымыз келеді. Сондай-ақ ғаламтор жоқ жерде де дабыл қағылатындай етеміз. Ең бастысы бұл қондырғы газдың кез келген түрін және ысты анықтай алады. Өндіріс орындарында, кен орындарында да қолданып, адам өмірін сақтап қалуға болады.

Қондырғыны төтенше жағдай саласында қызмет ететін кәсіби құтқарушылар да ерекше бағалап отыр. Олар бұл датчиктің артықшылықтарына баса назар аударып, оқушыларға өз тарапынан алғыс хат табыстады.

Игорь Жуков, Жетісу облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

Бірінші кезекте газдың барлық түрін анықтай алатындығы ұнады. Екіншіден өзі де шиқылдап, дыбыс шығарады. Сондай-ақ ақпарат смартфонға келіп, телефоныңыз дыбыссыз режимде тұрса да дабыл қағылады.

Облыс аумағында 120 мыңнан астам үй газбен немесе пешпен жылытылады. Жергілікті билікпен бірлесіп, құтқарушылар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың үйіне дабыл қондырғыларын орнатып, тексеріп қадағалап отырады. Көп жағдайда азаматтар немқұрайлы өз қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайды. Сондықтан оқушылардың құрылғысы адам өмірін сақтауда таптырмас құрал болар еді, дейді мамандар.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу