Шығыста ауыл шаруашылығы жерлеріне шетел азаматтары иелік етіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыста ауыл шаруашылығы жерлеріне шетел азаматтары иелік етіп отыр

13.12.2022

Шығыста ауыл шаруашылығы жерлеріне шетел азаматтары да иелік етіп отыр. Есесіне жайылым мен шабындықтың жоқтығынан өңірдегі шаруалар мал басын көбейте алмай отыр. Мемлекет басшысы үкіметтің кешегі кеңейтілген кеңесінде ел бойынша 8,8 миллион гектар жер тапшы екенін айтты. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін облыс әкімдеріне үкіметпен бірлесіп, мониторинг картасын әзірлеуді тапсырды. Ал шығыстағы мал баққан елдің жайылымға қатысты талап-тілегін Олжас Керейхан тыңдап қайтты.

Жайылым мен шабындықтан таршылық көріп отырған шаруаның бірі - Серік Сәбитов. Ағайынды бірнеше отбасы 2001 жылы Ұлан ауданындағы Бозанбай ауылы маңында иен қалған қораның бірін жөндеп, шаруашылық құрған. Бүгінде бірнеше отар қойын бағып отыр. Сиын саны 300-ден асты. Бірнеше үйір жылқы да бар.

Серік Сәбитов, шаруашылық жетекшісі:
Жер тапшы. Енді барып жер сұрасаң, жер жоқ дейді. Білмеймін. Барлық жер қайда кеткенін? Судың ар жағы кімдікі екенін ешкім білмейді. Ары қарай елдің жері. Мына жағы да. Көріп тұрсыздар. Иіріп жүреміз екі ортада.

Алағабас пен Бозанбай ауылынаң маңындағы әр сайда бір қожалықтан отыр. Аз дегенде әр қорада бір отар қой мен 50-60 сиыр бар.

Олжас Керейхан, тілші:
Бір қора қой емін-еркін өрістеп жайылуы үшін бірнеше жүз гектар жер керек. Оның өзінде мынадай тау-тас емес шөбі шүйгін алқап болса. Ал жайылымдық аз болғандықтан бұл маңдағы шаруалар қойды алыстағы өріске бір ізбен иіріп апарып, иіріп әкеледі. Алтайдың бүгінгідей азынаған ақ боранында алысқа шұбырған малда қоң қалмайтыны анық.

Қоң қалмаса бұл өңірде қыста мал жайылыммен шығады. Өйткені шабындық жоқ. Шөпті де аз жинайды. Оның өзін басқа өңірден әкеледі. Осылай мал баққан ел ұлатрақтай жер таба алмай жүргенде тек Ұлан және Глубокое ауданында 261 адам 22 мың гектар жерді рәсімдеп алған. Олардың арасында бүгінде өмірден өтіп кеткендер де бар.

Архат Бейсенбаев, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:
Біз тексеру жүргізген бір ауданнан ғана 99 жер учаскесі қазіргі уақытта өз азаматтығын жоғалтқан немесе басқа мемлекеттің адамдарының меншігінде екені анықталды. Бұл бір ауданнан ғана шыққан жағдай. Егер жалпы облыс көлемінде алсақ, бұдан да үлкен цифрлар шығатыны анық.

Жайылымдық жердің тапшылығы жергілікті шаруалар үшін үлкен проблема болып тұр. Дегенмен соңғы екі жылда аймақта 92 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылған.

Надежда Михейлис, облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы:
Биыл жайылым үшін 62 мың гектар жер жетпейтіні анықталған. Біз елдімекендердің аумағын кеңейту және орман шаруашылықтарымен меморандум жасадық. Нәтижесінде бұл көрсеткішті жыл соңында 11 мың гектарға дейін төмендеттік.

Жер ауыл тұрғындарының негізгі асыраушысы. Сондықтан биыл Президент тапсырмасымен 5,2 миллион гектарға жуық ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Басым бөлігі жайылымдық. Президент атқарушы билікке бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу