Қазақ ұшқышына құрмет көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ ұшқышына құрмет көрсетілді

12.12.2022

Қазақ ұшқыштары әлемдік деңгейдегі «Хью Гордон-Берг» мемориалдық сыйлығымен марапатталды. Олардың есімі Лондондағы әлемдегі құрметті ұшқыштар бас қосатын алаңда аталды. Португалияның Авиациялық оқиғаларды тергеу департаменті Қазақстандық ұшқыштардың авиациялық қақтығысқа қатысты тексеру жұмысын аяқтады. Ақауы бар ұшақты аман-есен қондырған қазақстандықтар туралы не білесіз? 

Ақмаржан Ғафизқызы, тілші:

2018 жыл. 11 қараша. Португалияда техникалық жөндеуден өткен ұшақ Қазақстанға қайту үшін көкке көтеріледі. Бірақ борт капитаны мен екі ұшқыш тізгіндеген Embraer E190 ұшағының элерондары дұрыс орнатылмағандықтан, ұшақтың қалыпты жұмыс істеуі қиындайды. Алайда қазақ ұшқыштары жағдайдың күрделігіне қарамастан, шұғыл әрекет етіп, әуе кемесін Португалияның оңтүстік-шығысындағы Бежа әуе күштерінің базасына қауіпсіз қондырған.

Сол кездегі экипаж мүшесі Азаматтың айтуынша, ұшқыштар төтенше жағдайды байқаған сәтте эмоцияға салынбай, керісінше істің мәнін анықтап, шұғыл әрекетке көшкен.

Азамат Омаров, әуе-логистика маманы:

Ұшақтағы ақау аспанға көтерілгенде бірден байқалды.Ұшақ оңға және солға теңселіп, үздіксіз қозғала бастады. Кейін, командир мені шақырды. Барлық уақытта ұшқыштармен бірге болдым. Олар сол сәттен бастап, басқару жүйелерін, барлық құрылғыларды тексеріп, элерондарды ұшуға сай келмейтін айтты.

Бұл тұста ұшақтың қанаты істен шықты деп, ұшқыштың салы суға кетпеді. Сындарлы сәтте 36 жастағы Бауыржан тығырықтан шығар жол іздеді. Ол өзі тізгіндеген ұшақты жарты миллион адам тұратын елді-мекенге емес, жазық далаға қауіпсіз қондырды.

Бауыржан Қарашолақов, ұшқыш:

Біз Лиссабон қаласынан Минск қаласына ұшып келіп, ол жерден жанармай құйып, Алматыға ұшып келуіміз керек болған. Ұшақ негізі дайын болды. Біз ұшқыш ретінде оны қабылдадық. Ұшақ техникалық жөндеуден өткен. Ұшақта ақау бар екені, ұшып шыққаннан кейін, бір-екі минуттан кейін белгілі болды. Бірінші маған командир айтты. Ұшақтың басқаруы өзгеше деп. Кішкене бостау сияқты болып көрінді. Кенеттен ұшақ оқыс бағыттар жасай бастады. Командир бұл дұрыс емес екенін айтты.

Анығын айтқанда, ақау шыққан әуе кемесіне өз салмағынан 5 есе артық күш түскен. Яғни, жоғарыдағы қысым ұшақты төмен қарай басқан. Мұндай жағдайда ұшақ жоғары жылдамдықпен төменге қарай құлдилап, жерге құлауы мүмкін еді.

Бауыржан Қарашолақов, ұшқыш:

Ол ұшақ бес есе күшпен жерге жақындай түсті. Қарапайым ұшақтағы ұшқыштар негізі оған дайын емес. Ондай күшке, ауыртпашылыққа негізінде әскери ұшақтар мен әскери адамдар дайын. Неғұрлым біз самолетті биік ұстауымыз керек болды ғой. Өйткені, жерге жақындаған сайын біздің уақытымыз аз. Самолет төмен құлдилап құлаған кезде, қаншама жылдамдықпен. Соны қайта көтерген кезде 5 есе күш қысады. Ол кезде сеніде, ұшақта қатты қысмыға ұшырайды. Ондай жағдайда ұшақ екіге бөлініп кетуі де мүмкін. Егерде жолаушылар болған кезде самолет бұл жағдайға шыдамас еді.

Жалпы, мұндай оқыс оқиға елде соңғы 4 жылда 45 рет болған. Тек 2019 жылы тіркелген төрт авиациялық апаттың салдары адам шығынына әкелген.

Каталин Раду, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры:

Авиация саласында техникалық қауіпсіздік әркез бірінші орында. Бірақ, бұл оқиғада мен ұшқыштарымыздың кәсібилігіне тәнтімін. Олардың жоғары білімі мен тәжірибесінің арқасында ұшақ аман қалды. Бұл еліміздегі азаматтық авиация саласында білікті мамандардың жұмыс істейтінін көрсетеді.

Өздерімен қоса өзгенің де өмірін сақтап қалған ұшқыштардың ерлігі 4 жылдан кейін еленді. Олардың есімі Лондонда орналасқан әлемдегі құрметті ұшқыштар бас қосатын алаңда аталды. Хью Гордон-Берг мемориалдық сыйлығымен марапатталды. Бұл сыйлықпен ұшақты немесе жолаушыларды құтқаруға айтарлықтай үлес қосқан жандар марапатталады. Ал бұл құрмет - Азия елдері ұшқыштарына тарихта тұңғыш рет көрсетіліп отыр.

Бауыржан Қарашолақов, ұшқыш:

Осы марапаттан кейін, Қазақстан ұшқыштарын әлемде бірінші тұрған елдер құттықтағаннан кейін сезім басқаша. Ертең менің ұрпақтарыма бұл - үлкен мақтаныш. Менің өзімнің басты мақсатым - қандай құрмет болмасын, қарапаймы болып қалу. Менің мақсатым дамып, өзімнің біліктілігімді арттыру. Сондай жағдай болған еді ғой деп, еске алмаймын. Тек сол сәттен сабақ алуға ғана тырысамын.

Жұмысы тәуекелге толы болса да, Бауыржан алып құсымен көкке ұшуды тоқтатпақ емес. Аспанның төсінде еркін самғаған әр сәті санасында. Ол кәсіби машығына нық сенімді. Арманы асу. Адаспай жету үшін аспанын қалың тұман баспауын қалайды.

Ақмаржан Ғафизқызы


Хабарламаларға жазылу