Қатарда өтіп жатқан биылғы біріншілік қызыққа толы. Бүгін тартысқа толы ширек финалдық ойындар басталады. Ал қазір турнирдегі қызықты деректермен таныс болыңыздар.
Марокко құрамасы өз тарихында сенсация жасап, тұңғыш рет әлем чемпионатының ширек финалына шықты. Ал осы командадағы жартылай қорғаушы Ильяс Шаир – мундиальдағы ең аласа бойлы футболист екен. Оның бойы 1 метр 58см ғана.
Ал Нидерланд құрамасының қақпашысы Андрис Нопперт 2 метр 3 сантиметрмен ең ұзын бойлы ойыншы атанды. Айта кетейік, Нидерланд құрамасы ширек финалда Аргентинамен кездеседі. Андристің шеберлігі сыналар шақ болмақ.
Биылғы турнирде 137 ойыншы өздері туып өскен елдің емес, басқа мемлекеттің сапында ойнап жүр. Оның ішінде Мароккодан 14 футболшы бар. Мәселен Ашраф Хакими Испанияда туған. Алайда Марокко құрамасының атынан әлем чемпионатына қатысып, Испанияға қарсы ойында шешуші голды соқты.
Биыл тарихта тұңғыш рет әйел төрешілер алаңға шықты. Олар француздық Стефани Фраппар, руандалық Салима Мукансанга және жапондық Есими Ямасита.
Ең қымбат футболшылардан тұратын құрама Англия. Ағылшындық ойыншылардың жалпы құны 1 млрд 260 млн еуродан асады. Ал ең трансферлік бағасы ең арзан ойыншылар Қатар құрамасында. Алаң иелерінің барлық футболшыларының құны 15 миллион еуроға да жетпейді.
Әйгілі футбол жұлдызы Криштиану Роналду турнирге қатысып жатқан клубы жоқ жалғыз ойыншы атанды. Португалиялық шабуылшының берген сұхбаты дауға айналған соң, Манчестер Юнайтед клубы Криштианумен келісім-шартын бұзды. Қазір Роналду еркін агент.
Дархан Рахымжан