Еңбек адамы: Ауылды көркейтуге шақырамын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еңбек адамы: Ауылды көркейтуге шақырамын

03.12.2022

Кеңседегі қызметін ата кәсіпке айырбастаған азамат. Қостанай облысындағы Теңіз ауылының тұрғыны Ербол Қарымсақов мал өсірумен айналысады. Ол жеті жыл бұрын қаладағы қызметін тастап туған ауылына көшіп келген. Мұндай шешім қабылдауына оның кеңседе қағаз кеміріп, айлыққа қарап отырғаннан гөрі, несібесін маңдай терлетіп табуға деген құлшынысы себеп болыпты. Мал бағу бейнет емес – береке деп есептейтін азаматтың тұрмыс-тірлігі жайлы Дәуренбек Әбдібектің репортажы.

Мал баққан адамның белгілі бір жұмыс кестесі жоқ. Сенбі-жексенбі демалмайды, таң атқаннан кеш батқанша тыным таппайды. Себебі уақытымен жем суын беріп отырмасаң малдың күйі түседі, табыс та азаяды.

Ербол Қарымсақов еңбек жолын мемлекеттік қызметтен бастаған. Үш жыл облыстық мәдениет басқармасында бас маманы міндетін атқарды. 2015-ші жылы отбасымен Меңдіқара ауданындағы туған ауылы Теңізге көшіп келді. Інісімен бірлесіп шаруа қожалығын құрды. Содан бері жыл он екі ай шаруашылықтың басында. Жұмыс талғамайды, барлық іске білек сыбанып кіріседі.

Ербол Қарымсақов, шаруа:

Өзім еңбектеніп табыс табатын жұмысты жақсы көремін. Қара жұмыс та бар, техника жүргіземін, оны да үйрендік амалсыз. Шөп тасимын, шабамын. Мал да бағамын.

Шаруашылықта 50 сиыр, 300-дей қой бар. Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламаға қатысып, мал тұқымын асылдандыруға ден қойған. Малға азық үшін аздап сұлы мен арпа егеді. Қожалықта қазір өзінен басқа сауыншы мен бақташы ғана бар. Жұмыс күші тапшы.

Ербол Қарымсақов, шаруа:

Жұмыс істеймін, ауылға көшемін дегендер болса бізге жолығуға болады. Жұмыс бар. Үй мәселесін шешеміз. Тек жұмыс істеу керек, болды.

Ерболдың жұбайы Ванга ауыл мектебінде мұғалім. Шаруашылыққа да қолқабысын тигізеді. Жас отбасы үйелмелі – сүйелмелі үш бала өсіріп отыр. Үй шаруасын үйіріп әкететін пысық келіншек отағасы қаладан ауылға көшеміз дегенде бірден қолдапты.

Ванга Қарымсақова, жұбайы:

Ауылдан қашпау керек деп ойлаймын. Ауылды көркейту керек. Жері құнарлы. Әр ауыл өзінше киелі. Балаларымыз табиғи таза өнім жеп, жалаңаяғымен таза топырақты басып шынығып өсу үшін де ауылда тұру керек деп ойлаймын.

Теңіз ауылында бүгінде 150-ге тарта үй бар, 800-ге жуық адам тұрады. Егін салып мал өсірумен айналысатын 20-дан аса ірілі ұсақты шаруашылық жұмыс істеп тұр. Соның бірі Ерболдың қожалығы. Қаланың жайлы тұрмысына қызықпай, ауылдың берекелі тірлігін таңдаған жас шаңырақ келешекке сеніммен қарайды.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу