Атыраудағы полипропилен өндіретін бірегей кешен алғашқы өнімін экспорттай бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы полипропилен өндіретін бірегей кешен алғашқы өнімін экспорттай бастады

23.11.2022

Атыраудағы полипропилен өндіретін бірегей кешен өзінің алғашқы өнімін экспорттай бастады. Бағалы шикізаттың игілігін бірінші болып отандық кәсіпкерлер көреді. 630 адамды жұмыспен қамтитын кәсіпорын жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға қауқарлы.

Еліміздегі мұнай-химия өнеркәсібінде тұңғыш рет жүзеге асқан жобаға үміт артып отырғандар көп. Қазір кешендегі қоймада 10 мың тоннадай тауар дайын тұр. Тапсырыс көп. Ә дегеннен-ақ талап алып жатыр. Бұған дейін полипропиленді шетелден тасыған кәсіпкерлер енді отандық өнімді тиімді бағада сатып алып, игілігін көреді. Шикізаттың алғашқы 20 тонна партиясы Азамат Асылбековтің цехына жөнелтілді.

Азамат Асылбеков, кәсіпкер:

Жергілікті шикізаттың болуы – біз үшін өзіндік құнды түсіретіні анық. Сондықтан Ресейге қарағанда, немесе басқа жақтан Түркіменстан, Өзбекстаннан полипропилен алғаннан гөрі бізге Атыраудан, үйдің қасынан алған ол тиімдірек.

Тауар әуелі ішкі нарыққа жұмсалады. Қалғаны Қытай, Түркия, Шығыс және Орталық Еуропа мен ТМД елдеріне экспортталады. Қазірдің өзінде ондаған жүк көлігі отандық кәсіпорындарға жолға шықты. Ал 1500 тоннадан астам полипропилен контейнерлерге тиеліп шетелге жіберілді.

Дамир Әбілдинов, «KPI INC» ЖШС маркетинг департаментінің директоры:

Кешен аумағында әлемге әйгілі швецариялық зертхана бар. Біз өндірген өнімнің сапасын сол орында тексертеміз. Қазір 28 компаниямен келісімшартқа отырдық. Қызығушылық танытып отырғандар әлі де көп көп.

Озық технологиямен жабдықталған кәсіпорын ай соңына дейін 9 мың тоннадан асатын өнімді 6 контейнерлік пойызға тиеп, тағы да экспортқа жіберуді жоспарлап отыр.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу