Әңгіме барысында Қазақстанның әдебиеттануы мен өнертануының қазіргі заманғы үрдістерін зерделеу, «Қазақстан-2050» стратегиясы мен Мемлекет басшысы Жолдауының негізінде халықтың жалпыұлттық құндылықтарын ілгерілету мәселелері талқыланды.
Мемлекеттік хатшы сапарын алдымен Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан бастады. 500 мыңнан астам құнды құжаттар сақталған сирек қолжазбалар қорында болды.
Осы қор материалдарының негізінде әзірленген «Бабалар сөзі» 100 томдығымен және жаңа кітаптар көрмесімен де танысты.
Гүлшара Әбдіқалықова ғалымдармен дөңгелек үстел өткізіп, тарихи шындықты көркем дүниеге айналдырып, тарихи тұлғаны әдеби образ етіп безбендеген кітаптар мен қолжазбалар қорын зерттеу жайын сарапқа салды.
Институт 2012-2014 жылдар аралығында шетелдегі қазақ фольклоры, әдебиеті, өнеріне іргелі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Ғалымдардың қазақтар көп шоғырланған Өзбекстан, Ресей, Қытай және Моңғолия елдеріне ұйымдастырған ғылыми экспедицияларының қорытындылары таныстырылды.
Амангелді СЕЙІТХАН