ОСК: Сайлаудың алдын ала қорытындысы шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОСК: Сайлаудың алдын ала қорытындысы шықты

21.11.2022

Президент сайлауында азаматтардың 70 пайызға жуығы дауыс берген. Бұл туралы сайлаудың алдын ала қорытындысы туралы брифинг өткізген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы хабарлады. Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, өңірлер мен шет елдердегі сайлау учаскелерінде дауыс санау аяқталды. Сайлау өткен күні халықтың дауыс беруге қатысуы туралы онлайн түрде жедел хабарланып отырған.

Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің алдын ала қорытындысын жариялады. Мәліметке сәйкес, кандидаттардың 11 мыңнан астам сенім білдірген адамы, шетелдік, халықаралық ұйымдардың 641 байқаушысы, саяси партиялардан 15 мыңнан аса байқаушы, қоғамдық бірлестіктерден 30 мыңнан аса азамат жұмыс істеген. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, дауыс беруге 8 млн 300 мыңнан аса адам қатысқан.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
Қарақат Әбденге 206 мың немесе 2,6 пайыз, Нұрлан Әуесбаевқа 176 116 немесе 2,22 пайыз, Жигули Дайрабаевқа 271 641 немесе 3,42 пайыз, Мейрам Қажыкенге 200 907 немесе 2,53 пайыз, Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе 81,31 пайыз, Салтанат Тұрсынбековаға 168 731 немесе 2,12 пайыз. «Бәріне қарсымын» 460 484 немесе 5,8%.

Әзірге аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру нәтижесі туралы хаттаманың тек электронды көшірмесін ұсынған. Орталық сайлау комиссиясының өкілдері ресми түрде жіберілген барлық өтініш заңнамада белгіленген тәртіппен қаралатынын жеткізді. Ондағы мәлімет расталған жағдайда заңда көзделген шара қабылданатынын айтты.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
ҚР Сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес аумақтық сайлау комиссияларында дауыстар саналғаннан кейін екі күн ішінде әрбір өңір бойынша хаттамалардың түпнұсқаларын жеткізуі тиіс. 20 қарашада өткен кезектен тыс Президент сайлауының қорытындылары ОСК отырысында белгіленетін болады.

Орталық сайлау комиссиясы 9 брифинг өткізген. Сайлау учаскелеріне елдегі бұқаралық ақпарат құралдарының 1200-ден аса өкілі барған. Сонымен бірге 23 елден 41 шетелдік БАҚ өкілі ұсынған 106 журналист келіп, сайлау барысы туралы ақпарат таратқан.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу