Сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланды

11.01.2021

Сайлаудың алдын ала қорытындысы тағы өзгерді. Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауда саяси партиялар жинаған дауыстардың алдын ала қорытындысын жария етті.  

Саяси аламанға 5 партия қатысты. Бәріне тең мүмкіндік берілді. Бір ай бойы үміткерлердің ұсыныстары мен бағдарламалары бәсекеге түсті. Халық олардың жоспарларымен жан-жақты танысып, шешуші кезеңде өз таңдауларын жасады. Сайлауға жұрттың бей-жай қарамағаны байқалды. Азаматтық белсенділік танытты. Өңірлердің таңдауы да әр түрлі. 

Айталық, ҚХП-на Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облысы мен Нұр-сұлтан, Алматы қалаларының тұрғындары көптеп дауыс берген. Ал «Ауылды» Қызылорда, Маңғыстау, Шымкент пен алматылықтар көбірек демеген. «Ақжолдықтарды» Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар жұрты, «Адал» партиясын Алматы мен Атырау облысы және 3 мегаполис сайлаушылары қолдаса, ал «Нұр Отанға» елдің барлық өңірлері сенім артқан.  Сонымен, қазіргі нәтиже бойынша 3 партия Мәжіліске өтті. Олар - Қазақстан халық партиясы, «Нұр Отан» және «Ақжол». Ал қалған «Адал» мен «Ауыл» партиясы тиісті 7 пайыздық көрсеткішке жете алмады. 

Сәбила Мұстафина, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы: 
-Осылайша, алдын ала нәтижелерге сәйкес сайлаушылар дауыстары былайша бөлінді: «Нұр Отан» партиясы 71,09%. «Ақ жол» 10,95 %, «Қазақстан Халық партиясы» 9,10 %, «Ауыл» 5,29 %, ADAL» 3,57 %.  

Дегенмен, бұл нақты сан емес. Жер-жердегі уақыт айырмашылығы бар, санақ әлі де жүріп жатыр. Соңғы нәтиже аймақтық сайлау учаскелерінің қорытындысынан кейін белгілі болады.  

Асима Нұрбайқызы



Хабарламаларға жазылу