Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында 200 мың гектар жер игерілмей бос жатқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында 200 мың гектар жер игерілмей бос жатқан

21.11.2022

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында 200 мың гектар жер игерілмей бос жатқан. Жайылымдық және шабындық алқаптарды алып, оны мақсатсыз ұстап отырған иелеріне жаппай түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осылайша бос жатқан жерлерде қайта кәсіп жандануда. Ал еш нәтижесіз отырғандардан мыңдаған гектар алқаптар алынып, жаңадан құрылған шаруа қожалықтарына үлестірілуде.

Наталья Осипова облыс орталығынан 300 шақырым шалғайдағы Қаркөл ауылында тұрады. Отбасы мал өсіріп, еті мен сүтін саудалап күн көреді. Ауыл маңында жайылым тар, ал шөптің бағасы қымбат. Қолдағы 40 сиыры мен қой ешкісін ұстап тұру қиын болғандықтан, биыл жер алу үшін конкурсқа қатысты. Ауылдан 25 шақырым қашықтағы игерілмей жатқан шұрайлы алқапқа қолы жеткен шаруаның қуанышында шек жоқ.

Наталья Осипова, Шаруа қожалығының жетекшісі:

Өйткені шөп қиындап кетті, ауылда жайылым жоқ, өте тар. Ауылда 5-6 сиыр ұстайтындар бар сауынға. Сол ксілерге жетсін оданда. Қыстауда отырайық дегеніміз ғой. Енді сол алған жерімізге барып, алдымен баз салып, сосын үйімізді салсақ, сол жерде мал бақсақ деген ой бар.

Қарқаралы ауданында 3,5 миллион гектар жер бар. Соның 1 миллион 900 мыңы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Бас-басына бәлен гектар алқапты алып алып, құр бос игермей отырғандар өте көп. Аты барда, заты жоқ шаруашылықтар түгел тексерілуде.

Тоқтар Көпжасаров, Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары:

Игермей отырған 86 шаруа қожалық болған. Ол 200 мыңдай гектар жер. Бүгін түсіндіру жұмыстарынан кейін 100 мыңын игере бастады. 37 200 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Екеуі сот арқылы, қалғандары өз еріктерімен тапсырды.

Енді ауданда қазір 60 мың гектардай жер бос жатыр. Олар әкімдіктің жасаған ұсынысы негізінде жер ресурстары басқармасы тарапынан міндетті түрде тексерілмек.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Биыл ауданда мақсатсыз жекенің иелігінде болған жерлерді мемлекетке қайтарудың арқасында 8 ірі жер конкурсы өткен. Осылайша Наталья Осипова сынды төрт түлігін түлетуге, немесе егін салуға ұлтарақтай жер таппай отырған жандардың сұрақтары біртіндеп шешіле бастады. Десе де жаңадан құрылған шаруашылықтардың алқаптарды тиісті деңгейде пайдалануы қадағаланатын болады.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу