Еуропадағы қазақстандықтар белсенді дауыс беруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропадағы қазақстандықтар белсенді дауыс беруде

20.11.2022

Еуропада сайлау учаскелерінің жабылуына 2-3 сағат уақыт қалды. Өзінің конституциялық құқын пайдалануға асыққан қандастарымыз соңғы сағаттарда ерекше белсенділік танытып жатыр. 

Мажарстандағы қандастарымыз да конституциялық құқын пайдалану үшін Будапешттегі Қазақстан елшілігінде орналасқан №243-сайлау учаскесіне асықты. Тізімге тіркелген 175 адамның дені түс ауғанша азаматтық борышын өтеп үлгерді.

Бабақұмар Қинаят, тарих ғылымдарының кандидаты:

Әрбір сайлау жаңарудың жаңғырудың, түрленіп өзгерудің бастамасы. Болашаққа үмітпен қараудың межесі деп білеміз.

Бельгияда тұратын қандастарымыз да аса белсенділік танытып жатыр. Саяси науқанға алғаш рет қатысқан 18 жастағы студенттер сайлау учаскесінің арнайы сыйлығына ие болды. Өз таңдауын жасау үшін жерлестеріміз Бельгияның түкпір-түкпірінен ағылуда.  

Ян Вороговский, футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының ойыншысы:

Қазір уақытша Брюссельде тұрып жатырмын. Еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс беруге келдім. Отанымыз өркендеп, дами берсін.

Италиядағы Қазақстан елшігінде орналасқан 245 сайлау учаскесінде Отандастарымыз дауыс беру үшін ұзын-сонар кезекке тұрды. Оқу, жұмыс бабымен осы жаққа уақытша қоныс аударған қазақстандық өзге ұлт өкілдері де елдегі ұлтаралық татулық пен тұрақтылық үшін өз таңдауларын жасағандарын айтады.

Валентина Машкова, Қазақстан азаматы:

Мен өзімнің қазақстандық, Қазақстан азаматы екенімді мақтанышпен айтып жүремін. Біздің мәдениетіміз, қонақжайлылығымыз, түрлі ұлттардың тату-тәтті тұрып жатқаны-ең басты байлығымыз. Елімізде тек бейбітшілік болсын. Отанымыз өркендеп, дами берсін.

Римдегі сайлау учаскесіне келе алмаған қазақстандықтар үшін сайлау комиссиясының мүшелері жылжымалы жәшіктерді алып, Милан қаласында көшпелі сайлау ұйымдастырды. Қазір онда да жерлестеріміз белсенді дауыс беріп жатыр. Сайлау комиссиясының мүшелері кешкі сағат сегізге дейін барлық қазақстан азаматтары өз таңдауын жасап үлгереді деген сенімде. 

Хабарламаларға жазылу