Алматыдағы радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары да өз таңдауын жасады. №143 жабық сайлау учаскесінде 500-ге жуық адам дауыс берді.
Қуан Нұрақын, тілші:
Әскери оқу орнының қабырғасында 34 курсант алғаш рет өз таңдауын жасап, сайлауда дауыс берді. Олардың барлығы дерлік жақында 18-ге толғандар. Бұл институт Орта Азия бойынша офицер-инженерлерді дайындайтын жалғыз оқу орны. Сондықтан мұнда сайдың тасындай іріктелген жастар ғана білім алады.
Сұлтан Серікұлы, 1 курс курсанты:
Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өз құқығымды пайдалана отырып, алғаш рет ел Президентін сайлауға қатысып отырмын. Өз дауысымды бере отырып, елімнің өркендеуі мен болашағының жарқын болуына үлесімді қостым деп ойлаймын. Бүгінгі саяси маңызы зор шараға қатысу арқылы біз, курсанттар өз таңдауымызды жасап жатырмыз. Және айтарым, сайлауға қатысу арқылы Президентті ғана таңдап қоймаймыз, бұл біздің кемелді келешекке жасаған нақты қадамымыз. Сондықтан болашақ офицер ретінде маңызды саяси шараға қатыстым және өз таңдауымды жасадым.
Қуан Нұрақын, тілші:
Айта кетейін, қазір мегаполис бойынша 600 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. 1 млн 200 мыңға жуық адам дауыс бере алады. Оның 69-ы жабық, яғни осындай әскери мекемелерде, ауруханаларда орналасқан. Біз тұрған оқу орнында дауыс беруге құқығы бар 500 адамның барлығы өз таңдауын жасап үлгерді.