Екі күннен кейін қазақстандықтар үшін маңызды саяси науқан Президент сайлауы өтеді. Президенттікке кандидаттар өз штабтарының жұмысын қорытындылады. Бір ай бойы үміткерлер мен олардың сенімді өкілдері сайлаушылармен кездесіп, белсенді дауыс беруге үндеді. Ал ертең тыныштық күні.
Елордада Қ.Тоқаев жақтастарының форумы өтті
Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев жақтастарының форумы өтті. Бұл – кандидаттың сайлауалды науқанындағы соңғы іс-шарасы. Форумға үміткердің 2,5 мыңға жуық сенімді өкілі қатысты. Жалпы, үгіт-насихат науқаны кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев жақтастары 42 қала мен 5000-нан астам ауылды аралады. Олар өткізген 24 мың үгіт-насихат іс-шарасына 3 миллионға жуық сайлаушы қатысты. Кездесулер барысында азаматтардан 40 мыңнан астам ұсыныс пен тілек жиналды. Қасым-Жомарт Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде қолдау білдірген баршаға ризашылығын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Президенттікке кандидат:
Сайлауға дайындық жұмыстары аяқталды. Сіздер ауқымды жұмыс атқардыңыздар. Алдағы жексенбіде халқымыз елдің болашағын айқындайды. Бұл – мемлекетіміз үшін өте маңызды науқан. Жұртымыз осы сайлауға айрықша мән беріп отыр. Оның өз ерекшелігі бар. Сайлау науқаны үш айға жуық жүргізілді. Қоғам өкілдері қызу пікірталасқа түсті. Әртүрлі талқылау болды. Соның барысында игі бастамалар және тың ұсыныстар айтылды.
М.Қажыкен үгіт-насихат науқанын оңтүстікте аяқтады
Президенттікке кандидат Мейрам Қажыкен сайлауалды үгіт-насихат жұмысын Түркістанда түйіндеді. Бір ай ішінде үміткердің штаб мүшелері 14 облысты аралап, 12 мың шақырым жол жүрді. Кәсіподақ өкілдері, мұғалімдер, медицина қызметкерлері, кеншілер, мұнайшылар және жастармен 50-ге жуық кездесу өткізді. Әр сайлаушының мәселесі мен ұсынысына мұқият ден қойып түріп, сұрақтарына жауап берді. Кандидатты қолдау мақсатында 14 штаб, 140-тан астам сенімді өкіл мен волонтер жұмыс істеді.
Мейрам Қажыкен, Президенттікке кандидат:
Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің іргесінде ата бабаларымыз жерленген. Олар билеріміз, хандарымыз, батырларымыз. Түркістан қаласы тек қана Қазақстанды ғана емес, бүкіл түрік әлемін біріктіретін алтын қазық деп айтамыз. Туған жерімде бастаған, Ұлытауда жалғастырған үгіт насихатты Түркістанда аяқтайын деп отырмын.
Қ.Әбден үгіт-насихат жұмысын қорытындылады
Қарақат Әбден аймақтарда атқарылған іс-шаралар кешенін қорытындылады. Бүгін республикалық штабында кеңес өткізіп, сенімді өкілдеріне ризашылығын білдірді. Кандидат 15 қала мен өзге де елді мекендерде 40-тан астам кездесу өткізді. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау, жастар тәрбиесі, отбасы институтын нығайту мен қоғамдағы өзге де мәселелер төңірегінде сайлаушылармен пікір алысып, ой бөлісті. Жасөспірімдер арасындағы суицид және есірткімен күрес мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Туризм мен мейрамхана бизнесіне қатысты кәсіпкерлермен басқосулар болды.
Арман Оразғұлов, республикалық штаб жетекшісі:
Республикалық және өңірлердегі штабтар өздеріне жүктелген міндетті толғымен орындады. Үйлестірушілер мен волонтерлер үгіт-насихат кезінде белсенді жұмыс істеді. Біз барлық мамандарымызға атқарылған іс-шаралар үшін алғысымызды айтамыз.
Ж.Дайрабаевтың штабтары 2500 іс-шара өткізді
Жигули Дайрабаев бастаған үгіт-насихат тобы еліміздің 17 өңірінің, оның ішінде республикалық маңызы бар 3 қаланың сайлаушыларымен кездесті. Бүкіл ел бойынша 222 штаб жұмысы ұйымдастырылды. Үгіт-насихат шаралары барлық 88 қала мен 166 ауылдық елді-мекенде өтті. Кандидат агроөнеркәсіп кешені ұжымдарының тілектерін тыңдады, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, өнеркәсіп саласы қызметкекрлерімен, зиялы қауыммен, ардагерлермен жүздесті. Ал бүгін елордада партияның мұрындық болуымен «Ауылым-әнім» фестивалі ұйымдастырылды. Шарада дәстүрлі әншілер мен эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
Жигули Дайрабаев, Президенттікке кандидат:
Өздеріңізге мәлім, бүгін түнгі сағат 00:00-ден кейін тыныштық күні. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары тоқталады. Осы уақытқа дейін біз барлық аймақты аралап, халық шаруашылығында қызмет істейтін барлық сайлаушымен кездестік.
Н.Әуесбаев үгіт-насихат жұмысын қорытындылады
Оппозициялық партиядан президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев та үгіт-насихат жұмыстарын аяқтады. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы науқанның қорытынды жиынын өткізіп, сайлауалды бағдарлама аясында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. Оған өңірлік штаб өкілдері де қатысты. Тұғырнама аясында 60-қа жуық іс-шара өткізілген. Нұрлан Әуесбаев пен жақтастары елдің 8 өңірін аралап шықты. Кездесулер кезінде ауыл шаруашылығы, әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық, өзге де мәселелер көтерілді.
Нұрлан Әуесбаев, Президенттікке кандидат:
Жиырма филиал бар бізде. Үш қала яғни мегаполиста және 17 облыста. Сол жердегі менің барлық әріптестеріме, басшыларынан бастап бүкіл соған ат салысқан барлықтарына үлкен рақметімді айтқым келеді. Және де агитациялық жұмыстарды жүргізген журналистерге, біздің жұмысымызды жүргізген барлық азаматқа алғыс айтқым келеді.
С.Тұрсынбекова сүт фермасына барды
Үгіт-насихат жұмысымен Солтүстік Қазақстан облысына барған Салтанат Тұрсынбекова сүт өнімдерін өндіретін зауытта болды. Кандидат ферма ұжымымен кездесіп, жұмыс процесімен танысты. Олардың еңбек жағдайының қалай ұйымдастырылғанына мән берді. Кездесуде Салтанат Тұрсынбекова сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, жұмысшылардың сұрақтарына жауап берді. Фермада 1 мың 700 ірі қара бар. Оның 870-і сауынды сиыр. Зауыт тәулігіне 28 тонна сүт өндіре алады.
Салтанат Тұрсынбекова, Президенттікке кандидат:
Сүт өнімдерін өндіретін зауытқа келдік. 40–қа жуық қызметкер бар. Тең жартысы әйелдер. Жұмысшылардың жағдайы толықтай жасалғанымен, жалақылары жақсы болғанымен жас мамандар мұнда жұмыс істегісі келмейді. Себебі жауапкершіліктен қорқады. Мамандардың тапшылығы байқалып тұр.