Астанада жыл басынан бері 9 мыңнан астам бос жұмыс орындары ұсынылған. Жұмыс іздеп жүргендерге арналған жәрмеңке бүгін 9-шы рет өткізілді. Айта кетейік, жәрмеңкелер ай сайын үздіксіз өткізіліп жатыр.
Бүгінгі жәрмеңкеге келгендер көп болды. Солардың бірі - Махаббат. Ол Астанаға Байқоңырдан биыл көшіп келіпті. Аймақтан келген жас маман үлкен қаладан өз мамандығы бойынша жұмыс іздеп жүр.
Махаббат Әбжаппар, жұмыс іздеуші:
Іс жүргізуші бойынша мамандығым 2018 жылы оқуға түсіп, 2021 жылы бітірдім. Сосын органдарда жұмыс істедім бір жыл бойы, енді қазір жұмыс іздеп жүрмін. Бір вакансия таптым, өзіме ұнаған.
Жәрмеңкеге 50-ден астам жұмыс беруші қатысты. Олар 1400-ден астам жұмыс орнын ұсынды. Әсіресе, жоғары оқу орнын бітіргендерге сұраныс көп.
Айтолған Махамбетова, жұмыс беруші:
Осы жәрмеңкеге мен бірнеше рет қатысып отырмын. Соның ішінде 4 адамды жұмысқа қабылдадым. Математика мұғалімі бойынша алдым және вахтерлікке екі кісіні осы жерден таптым. Бір кісіні қазақ тілі менг әдебиет мұғалімі бойынша қабылдадым.
Жәрмеңкеде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да көмектесу көзделген. Мәселен, бүгін 7 жұмыс беруші мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдаса, 26 жұмыс беруші пробация есебінде тұрған азаматтарды алмақ.
Азамат Байтасов, қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры:
Қазіргі таңда еңбек нарығында құрылыс, білім және де өндіріс және қызмет көрсету салаларында жұмыскерлер тапшы.
Осы сұранысты өтеу үшін қалалық жұмыспен қамту орталығы биыл 9 жәрмеңке өткізген. Оларға 2 мыңнан астам азамат қатысқан. Жыл соңына дейін тағы біреуі ұйымдастырылмақ. Жәрмеңкеден бөлек, басқа да бағдарламалар арқылы 3 мыңнан астам азамат мерзімдік жұмыстарға қабылданған.
Амангелді Сейтхан