Әлем нарығын жаулап жатқан қытайлық автокөліктер енді Қазақстанда шығарылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем нарығын жаулап жатқан қытайлық автокөліктер енді Қазақстанда шығарылмақ

15.11.2022

Әлем нарығын жаулап жатқан қытайлық автокөліктер енді Қазақстанда шығарылмақ. Бүгін Алматыға сапарлап барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зауыттың құрылысын өзі бастап беріп, еңбек ұжымына сәттілік тіледі. Ал кәсіпорын басшысы концерн жұмысын бастаса, машина арзандайтынын айтып отыр. Қаншаға? Елімізде қандай көліктер шығарылмақ?

Қытай төрағасы Си Цизньпин екі ай бұрын елімізге келгенде көптеген маңызды құжаттарға қол қойылған. Соның бірі қытайлық көліктерді елімізде шығару. Екі ел арасындағы келісім-шарт іске аса бастады. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда кәсіпорынның құрылысын ресми түрде бастап берді.

Президент сол автомобильдерді көріп, зауыт макетімен, болашақ мүмкіндіктерімен танысты. Жұмысшыларға сәттілік тіледі. Ал компания басшысы жаңа кәсіпорын машина жасау саласына тың серпін береді дейді.

Бекнұр Несіпбаев, «Astana Motors» компаниясының бас директоры:
Бұл зауытта Changan, Cherry, Haval автомаркаларының 9 моделі шығарылатын болады. 100 пайыз шығарылған автокөліктердің барлығы шанақты дәнекерлер және бояу әдісімен шығарылмақ.

Шанақты 100 пайыз дәнекерлеу тәжірибесі елімізде бұрын болмаған дейді мамандар. Өйткені көлік дайын күйінде келетін. Енді бөлшектерге бөлінген күйі жеткізіліп, осында жасалмақ. Бұл логистикаға кететін шығынды азайтады. Көлік бағасын түсіреді. Әрі құнды одан сайын арзандату үшін орындық, пластик, мультимедиялық құрылғы секілді қосалқы бөлшектерді өзімізден шығару көзделіп отыр.

Бекнұр Несіпбаев, «Astana Motors» компаниясының бас директоры:
Өйткені қосалқы бөлшектер осы Қазақстанда шығарылса, оның үстіне біздің жұмыскерлер болады, және де метериалдарды Қазақстаннан аламыз. Қазіргі кезде қосалқы бөлшектердің көбісі оңтүстік Кореядан, Қытайдан, Ресейден, Еуропадан келіп жатыр. Соның бәрін Қазақстаннан шығарғанда доллармен теңгенің курсына қарамайтын боламыз.

Қысқасы зауыт 2025 жылы жұмысын бастап, қосалқы бөлшектер де өзімізден өндіріле бастағанда авто бағасы 15 пайызға түспек. Болжам сондай. Ал концернде жыл сайын 90 мың машина құрастыру көзделген. Оның 60 пайызы экспортқа шығарылмақ.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу