Балық өсіруге салынатын құн салығы 70 пайызға азаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балық өсіруге салынатын құн салығы 70 пайызға азаяды

14.11.2022

Елімізде балық шаруашылықтарына салынатын құн салығы 70 пайызға дейін азаймақ. Енді азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысты салаға қажетті маман даярлау ісі жолға қойылмақ. Бүгін, еліміздегі балық шаруашылығы саласында қордаланған мәселелер Үкімет сағатында көтерілді. Елімізге жыл сайын шет елдерден 41 мың тонна балық тасымалданады. Ал, сыртқа 25 мың тонна балық өнімдері экспортталады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешовтың мәліметі бойынша, биыл елімізде 15 мың тоннаға жуық балық өсірілді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 5 жарым есе көп. Жиында балық шаруашылықтарына салықтық жеңілдік жасаумен қатар, өнімдерін субсидиялау мәселесі де талқыланды.

Серікқали Брекешов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

Мемлекеттік қолдау шаралары арқылы балыққа қолжетімділікті арттырып, мал етіне қарағанда балықтың етін арзандату көзделеді. Осындай шаралармен айналысып жатырмыз. Егер инфрақұрылымды салатын болсаңыз, 25 пайыз мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Және дәрі дәрмекке 50 пайыз беріледі.

Бүгінде елімізде мыңнан астам балық шаруашылығы бар. Бұл салада 12 мыңдай адам жұмыс істейді. Өнім көлемін арттыру үшін браконьерлікпен күрес те маңызды. Биыл 4 мыңдай заң бұзушылық анықталып, 61 млн теңге айыппұл салынған. Қазір балық аулаумен заңсыз айналысатындарға жазаны күшейту туралы заң жобасы мәжілістің қарауына жіберілді.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу