Оралда тұңғыш рет түсірілген балалар фильмінің премьерасы көрерменге жол тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда тұңғыш рет түсірілген балалар фильмінің премьерасы көрерменге жол тартты

12.11.2022

Батыс Қазақстан облысында тұңғыш рет түсірілген балалар фильмінің премьерасы көрерменге жол тартты. Сонымен қатар 20-ға жуық қыз бала бір мезетте домбырамен ән шырқайтын «Қыз Жібек» ансамблі шетелге шақырту алды. 

Намысшыл ұл масылдыққа бой ұрмайды. Арбаға таңылған әкесі мен қарындасына қолғанат болып, маңдай терімен жетістікке жетеді. Мейірімге, достыққа, еңбекке үндеген тұңғыш толық метражды фильм көрерменді бір жылатып, бір күлдірді. Бұл - «Жас талап» өнер-білім орталығының тырнақалды туындысы. Екі жыл бұрын Зачаган кентінде ашылған шағын үйірмеде 15 бала тәлім алады.

Айнамкөз Табылды, оқушы:

Осы орталықта оқу үшін Янайкин ауылынан Орал қаласына мектеп ауыстырып, көшіп келдім. Ата-анамның маған істеген сондай жақсылығын, үмітін ақтай алдым деп ойлаймын. Қазір «Кілт» қойылымы, «Қолғанат» киносы арқылы Оралға танылып жатырмыз.

Ксм: Өнер-білім орталығында актерлік шеберлікпен қоса, жас видеоблогер, мобилограф, компьютерлік графика сынды үйірмелер де бар. Смартфонды пайдалы мақсатқа қолданып, баланы кәсіп игеріп, табыс табуға баулиды.

Ернар Жақсыбаев, өнер-білім орталығының жетекшісі:

Басында былтыр карантин басталды, мектептер жабылды, балалар телефонға телміріп қалған кез болды. Қарап отырсаң, смартфонда кілең орысша, түсініксіз видео-ойындар қарап отырады. Сосын балаларды уайымдап, балама өңірімізге танымал жасөспірімдерден сұхбат алғызып, оған ютуб канал ашып беріп, сөйтіп жұмысты бастаған болатынбыз.

Ал бұл – бір сәтте, бірнеше дауыста, бір кісідей ән шырқайтын «Қыз Жібек» ансамблі. Он жыл бұрын орталықтан шалғай жатқан Жалпақтал ауылында құрылған бірегей топ. Ансамбль жетекшісі Баян апай концерт алдында қыздардың бұрымын қарап, шашбауын түзеп жүр. Жүріс-тұрысы, сахнада өзін ұстауы, сөйлеу мәдениеті, жалпы қыз бала тәрбиесіне үлкен мән береді.

Баян Қабиева, «Қыз жібек» ансамблінің жетекшісі:

Бірінші құрылғанда трио болды, квартет, квинтет болды, одан кейін 8 қызға жеткенде, «Самға, жұлдыз!» деген Майра Ілиясованың үлкен конкурсына барып, ол кісі бізді қанаттандырып, «республикада мұндай ансамбль жоқ» деді. Осы қыздар арқылы қазір біз елдің баласын тәрбиелеп отырмыз. Бәрі «Қыз Жібек» болғысы келеді, бәрі Астана, Алматы барғысы келеді. Жақында Түркия сапарында бірінші орын алып келдік.

Ұжымда өнер көрсеткен таланттардың алды қазір жоғары оқу орнында білім алып жүр. Ансамбль репертуарында 30-ға жуық ән бар. Түркияға жеке концертін беруге шақырту алғанымен, жас өнерпаздарға қаражат қолбайлау болып тұр.

Мәулет Жұбатов, облыстық Халық шығармашылығы орталығының директоры:

Биылдың өзінде «Қыз Жібек» ансамблінің жеке екі концерті өтті. Оралда және Теректі ауданында. Балаларды қолдау бағытында жыл сайын облыстық халық шығармашылығы орталығы «Балдәурен» байқауын ұйымдастырады. Ал жалпы биылғы жылдың үздік жобасы – «Қолғанат» фильмі деп айта аламыз.

Балалардың бәрі де оқу озаттары. Үйірмелер сабаққа кедергі жасамайды. Жас өркеннің талантын ұштап, талабын шыңдайтын ұжымдар телефонға тәуелділіктен арылтып, өнер-білімге баулып жатыр.

Ардақ Мұратқызы, Қайырбек Ерболатұлы

Хабарламаларға жазылу