Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты

11.11.2022

Қазақстан барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын сөзсіз қолдайды. Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді. Президент бұл еліміздің негізгі мүддесіне толық сай келетін маңызды қағидат екенін айтты.

Қазір Самарқанда Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтіп жатыр. Жиынға қатысу үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға кеше келген еді. Саммит алдында «Мәңгілік қала» кешеніндегі «Конгресс орталықта» Мемлекет басшысын Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қарсы алды.

Саммитте сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан көлік-логистика саласын дамытуға тағы 20 миллиард доллар инвестиция тартатынын жеткізді. Түркітілдес халықтарды құрлық ішіндегі көлік-транзит дәліздерін дамытуға шақырды. Әсіресе шекара бекеттерін жаңғыртуымыз керек деді. Президенттің пікірінше, соңғы кезде геосаяси ахуалға байланысты мемлекеттер бір-бірінен технологиялық тұрғыдан оқшауланып жатыр. Сондықтан Астана хаб халықаралық технопаркі негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығын құруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Түркі мемлекеттері ұйымы мен басқа да құрылымдарды жүйелеп, орнықтыратын кез келді деп ойлаймын. Қазір Ұйым хатшылығына жүктелетін жауапкершілік артты. Сондықтан Түркі кеңесін құру (жөніндегі Нахчыван келісімінің 13-ші бабындағы Тұрақты) өкілдер туралы мәселені қарастыруды ұсынамын. Олар өзара іс-қимылымызды үйлестіру ісінде маңызды рөл атқарар еді.

Ал Өзбекстан Президенті ұйымға мүше елдердің сауда-экономикалық байланысын арттыруға шақырды. Шавкат Мирзиёев Түркі экономикалық форумын өткізуді ұсынды. Форум аясында әр мемлекет кәсіпкерлерінің пікір алмасуына мүмкіндік беріліп, инновациялық жобаларға жол ашу керегін айтты.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу