Риддерде жылу электр орталығында тағы да ақау шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Риддерде жылу электр орталығында тағы да ақау шықты

10.11.2022

Риддер қаласындағы жылу электр орталығында тағы да ақау шықты. Кеше жоғары қысымда жұмыс істейтін №6 қазандық іске қосылған болатын. Нәтижесінде өткен түнде жылудың температурасы 65 градусқа жеткен. Алайда арада аз уақыт өткенде қазандық істен шықты. Қазір орташа қысымда үш қазандық жұмыс істеп тұр. Апатты жоюға барлық бригада жұмылдырылған. Қазір апаттың мән-жайы анықталуда. Мұның бәрі құрал-жабдықтардың тозығы жеткеніне байланысты. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов та пікір білдірді.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

Риддерде жағдай қиын. Қазір үш қазандық жұмыс істеп тұр. Кеше алтыншы, негізгі қазандықты іске қосқан едік. Өкінішке қарай, түнгі бірде қазандықты қайтадан тоқтатуға тура келді. Қазір ол суып жатыр, салқындағаннан кейін тексеріс болады. Әзірге үш қазандық жылу береді.

Ал қалада жылу ақысы қайта есептеледі. Өйткені биылғы жылыту маусымы басталғалы кеншілер қаласындағы түрғындарға дұрыс қызмет көрсетілмеген. Қазан айынан бері жылу электр орталығында екі рет ақау шықты. Осындай келеңсіздікке қарамастан тұрғындарға жылу ақысын толық төлейтіні туралы түбіртектер келіп жатыр. Ал түбіртекте жылу мардымсыз берілген күндер мүлдем ескерілмеген.Сондықтан, тұтынушылар пәтер иелері кооперативімен бірге жылудың қуаты азайған күндерді тіркеп, жылу беру станциясына арыздануы керек.

Салтанат Сылдырбаева, Риддер қаласының тұрғыны:

Өткен айдан бастап жылудың бағасын көбейтіп жіберді. Жылудың, ыстық судың бағасы көтерілді. Ыстық су бізде 25-ші маусымнан бері жоқ. Жылудың бағасын көтергенмен ыстық су жылу өзі жоқ. Жоқ нәрсеге біз неге төлеуміз керек?

Жұмагүл Мүсіпова, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі департамент басшысының орынбасары:

Егер екі жақтан келісім табылмаған жағдайда тұтынушылар мен кондоминиммим мүшелері біздің департаментке өтінішпен жүгіну арқылы өз құқытарын қорғай алады. Өз кезегінде осы өтініштің негізінде жылу беру компаниясына тексеріс ашып өз жұмысын жүргізеді.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу