Риддер қаласында тағы бір қазандық істен шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Риддер қаласында тағы бір қазандық істен шықты

10.11.2022

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласындағы жылу электр орталығында тағы да ақау шықты. Кеше жоғары қысымда жұмыс істейтін №6 қазандық іске қосылған болатын. Нәтижесінде өткен түнде жылудың температурасы 65 градусқа жеткен. Алайда арада аз уақыт өткенде қазандық істен шыққан.

Олжас Керейхан, тілші:

№6 қазандықтан ақау шыққанын Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горьковой хабарлады. Дегенмен шаһар басшысы жылу электр орталығындағы жағдай біртіндеп оңалып келе жатқанын айтып, сабырлық сақтауға шақырды. Әкімнің айтуынша, қазір орташа қысымда үш қазандық жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Ал апатты жоюға барлық бригада жұмылдырылған. Жалпы Риддерде жылу орталығында биыл қайта-қайта ақау шығып жатыр. Қазанның 23-де сапасыз мазуттың кесірінен бірінше қазандық істен шыққан. Ал қарашаның 5-де №1 қазандық істен шығып шаһардағы 55 мыңға жуық тұрғын жылусыз қалған.
Төтенше жағдай әлі сақталып тұр. Қала әкімі Дмитрий Горьковой жылу электр орталығындағы ақау толық қалпына келмейінше төтенше жағдай алынбайтынан хабарлады.Бүгін түнде алтыншы қазандықтан ақау шықты. Енді жылудың температурасы тағы түсіп кетсе, төтенше жағдай әлі де созылуы да мүмкін. Ал қаладағы оқу орындарында сабақты қарашаның 12-не дейін онлайн оқыту жөнінде шешім қабылданған. Енді ол да созылуы мүмкін.


Хабарламаларға жазылу