Елімізде келесі жылдан бастап Конституциялық сот қызметін бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде келесі жылдан бастап Конституциялық сот қызметін бастайды

05.11.2022

Елімізде келесі жылдан бастап Конституциялық сот пайда болады. Бүгін Мемлекет басшысы оны құру туралы және өзге де бірқатар заңға жария түрде қол қойды. Мұның бәрі Президенттің көктемде жариялаған саяси реформаларын жүзеге асыруға бағытталған. «Маңызды құжаттар халықтың тұрмысын арттырып, азаматтық қоғамның дамуына жол ашады»,- деді Президент.

Досжан Маратұлы, тілші:

Биыл наурыздағы Жолдауында Мемлекет басшысы 30 жыл бойы орныққан саяси жүйені жаңғыртуға қатысты көптеген тапсырма берген еді. Олар Президент өкілеттігін азайтып, Парламенттің ықпалын күшейту, әкімдер мен депутаттарды сайлау, тіпті Президенттің туған-туыстарын билікке жақындатпау секілді бастамалар.

Әрине оны жүзеге асыру үшін Ата заңның үштен біріне өзгеріс енгізу қажет болды. Сондықтан маусымда жалпыұлттық референдум өтті. Халық өзгерістерді қолдады. Үкімет тез арада тиісті заңдарды әзірлеп, оны Мәжіліс пен Сенат бекітті. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды құжаттарға бүгін жария түрде қол қойды.

Сонымен өзгерістерге сай, «Келесі жылдан бастап елімізде Конституциялық сот қызметін бастайды. Ол билік тармағына жатпайды. Бүкіл ел аумағында заңның үстемдігін қамтамасыз ететін дербес орган болмақ. Әділдік іздеп шарқ ұрғандарға араша түседі, тіпті Конституцияға қайшы келсе, жарлықтар мен заңдардың күшін жоятын құзыретке ие болады. Бұдан бөлек, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі алғаш рет Конституциялық заң деңгейінде бекітіліп отыр. Бас прокуратураның да құқық қорғау функциясы күшейтілді. Бұл саланы одан әрі дамыту әрқашан басым бағыт болады»,-деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Конституциялық реформа Қазақстан тарихындағы жаңа дәуір басталғанын айқындады. Бұдан былай әділдік, ашықтық және жанашырлық қағидаттары қатаң сақталады. Біз референдум арқылы бұрын соңды болмаған ішкі және сыртқы сын қатерлерге төтеп бере алатынымызды дәлелдедік. Конституциялық реформаны нақты жүзеге асыра бастадық.

Бүгін қол қойылған заңның бірі - Парламенттің рөлін арттырып, президенттің өкілеттігін қысқартуға қатысты. Енді ел басқаратын адамның туған-туыстары лауазымды қызметтерге тағайындалмайды. Әрі мандаты да 7 жылдық бір мерзіммен шектеліп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл маңызды саяси инновация демократия жолындағы батыл қадам. Осы өзгеріс жоғары билікті жеке дара иемдену әрекеттеріне біржола тосқауыл қояды. Сондай-ақ ең жоғарғы лауазым иесін өркениетті жолмен және тұрақты түрде ауыстыруға арналған жаңа саяси дәстүрді орнықтырады.

Қабылданған құжаттарда депутаттар мен әкімдерді сайлау мәселесі қамтылған. Сондықтан келесі жылдан бастап облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін сайлау пилотты режимде басталады. Тағы бір маңызды жайт конституцияда жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі халыққа тиесілі екені көрсетілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы норманың арқасында «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды бағдарламасын қолға алдық. Ұлттың ұлылығы әрбір отбасының, әрбір азаматтың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан ел экономикасы ең алдымен халықтың мүддесі мен ел игілігі үшін жұмыс істеуі қажет.

Осылайша Президент бас-аяғы 6 заңды қабылдады. «Бұл еліміздің мемлекеттік құрылымының тұғырын нығайтады. Азаматтық қоғамның дамуына жол ашады. Әрі халықтың әл-ауқатын арттырып, халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын жүзеге асыруға сеп болады», - деді Президент.

Досжан Маратұы


Хабарламаларға жазылу