Түркістан облысындағы Төле би ауданында спорт алаңдары сапасыз салынған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы Төле би ауданында спорт алаңдары сапасыз салынған

04.11.2022

Түркістан облысы, Төле би ауданында мемлекет қаржысына салынған спорт алаңдары жыл өтпей жатып, жарамсыз күйге түскен. Көксәйек ауылында 13 млн теңгеге салынған футбол алаңына мердігер мекеме жасыл газонның орнына, қиыршық тас төсеп кеткен. Салдарынан балалар жарақат алып, жоламай қойыпты. Ал, Леңгір қаласына салынған үш алаңша да қирап, жауаптылар мердігерді сотқа берді.

Кәксәйек ауылының тұрғындары екі жыл бұрын спорт алаңшасы салынғанда қатты қуанған. Тіпті, балалар ойнайтын орын тезірек бітсін деген ниетпен алаңшаның орнын тегістеп, жүзден аса жүк көлігімен топырақ та төккізген. Алайда қуаныш көпке созылмады. Футбол ойнайтын жерді салған мердігер жұмысын сапасыз атқарып, алаңша артынша түкке жарамсыз болып қалған.

Зұлпыхар Қожамжаров, ауыл тұрғыны:

Әр тепкен добына бір сетка ұшып жатыр. Түбінің бәрі сапасыз. Қадасының бәрі әшейін халтура. Мына стадионға төсегені - щебенка, щебенканың үстіне балалар ойнай ма?! Тастың үстінде ешкі ойнайды тек қана, адам ойнамайды.

Төлепбек Алматаев, ауыл тұрғыны:

Майда тастың үстіне әкелді де жұқа миллиметрлік газон деді, алашаны төседі де кетті. Ол ойыннан күніне 4-5 бала қолы, тізесін жаралап қайтады. Құлайды. Ол газон жыртылып кетті. Бір айдың көлемінде газон шетке жиналып қалды өзі. Кейін жаралы боп қайтқаннан кейін ата-аналар балаларын жібермейтін болды бұл жерге. Дәл осы жерге қазір ешкім кірмейді.

Содан бері екі жыл өтсе де, еш өзгеріс болмапты. Мемлекет бөлген 13 млн теңге желге ұшып, алаңшаға адам баласы кірмейтін болған. Ал, аудан, ауыл әкімдері келіп көргеннен басқа түк бітірмеді дейді ашынған халық.

Үсен Кемелов, ауыл тұрғыны:

Қазір енді балалар үйде бәрі, телефонда жатыр. Бір-бір телефон. Спорт, жаттығатын жер жоқ ойнайтын. Аудан әкіміне де шықтық, ауыл әкіміне де. Жауабы белгісіз бізге.

Дәл осындай алаңшалар Леңгір қаласында да қирап жатыр. Үш алаңшаны салуға 27 млн теңге алған мердігер жұмысын жүрдім бардым атқарған. Салынғанына жылға да жетпеген алаңшалардың қоршаулары сынып, қақпалары қирап қалған. Жеткіншектер оларды жіппен байлап, амалдап жүр. Ал, газон атымен жоқ. Қала әкімдігінің ескертуіне құлақ аспаған мердігер компанияның мәселесі сотта қаралып, қайта жөндеуге міндеттелген. Ал, Көйсәйектегі алаңшаны салғандар табылмай жатыр дейді ауыл әкімі.

Жексенбек Серсәулетов, Көксәйек ауылының әкімі:

Сот орындаушылары Шымкентте деді адресі. Шымкенттегілер адресіне үш-төрт рет хат жібердік, ол жақтан шықпай жатыр деді. Енді Алматыда дейді қазіргі адресі. Сот орындаушы қазір енді соны анықтап жатыр.

Яғни сот орындаушы мердігердің мекен жайын таппаса, сот шешімі орындалмай қалатын түрі бар. Ал келер жылы жазда жұмыстың кепілдік мерзімі аяқталады. Ауыл тұрғындары сол мерзімі өтіп кетсе, балаларымыз алаңшасыз қала ма деп алаңдап отыр. Көксәйектің балалары болса ашық далада доп теуіп жүр.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу