Қостанай облысындағы теміржол өткелдерінде жол апаты жиілеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысындағы теміржол өткелдерінде жол апаты жиілеген

04.11.2022

Қостанай облысындағы теміржол өткелдерінде жол көлік оқиғалары жиілеген. Бұған негізінен автокөлік жүргізушілерінің жауапсыздығы себеп. Келеңсіздіктің алдын алу үшін аймақта теміржолшылар полиция қызметкерлерімен бірлесіп жүйелі түрде ескерту-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады.

Қостанай облысындағы теміржол тораптарының бойында 160 автокөлік өткелі бар. Олардың барлығы да техникалық талаптарға сай жабдықталған. Дегенмен автокөліктердің теміржолды кесіп өтуі кезінде биылдың өзінде алты рет жол көлік оқиғасы болыпты. Соның бірі адам өліміне соқтырған.

Сәлімжан Мусаинов, қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің маманы:

Притобольский өткелінде жүргізуші қызыл бағдаршамаға қарамай өтіп, пойызға соғылған. Соның салдарынан өзі де, қасындағы серігі де қаза тапты.

Барлық апаттардан кейінгі жан-жақты тексеру - өткелдердегі бағдаршамдардың сол сәтте дұрыс жұмыс істеп тұрғандығын көрсеткен. Техникалық жабдықталудан ешқандай ақау болмаған.

Абзал Спанов, магистральді желі бөлімінің бас инженері:

Жол көлік оқиғаларының басты себебі автокөлік жүргізушілерінің жауапкершілігінің барынша төмендігі. Сондықтан олардан теміржол өткелінен өткенде барынша абай болуды сұраймыз. Себебі сіз жауапсыз әрекетіңіз арқылы өзіңізбен бірге өзгелердің де өмірін қатерге тігесіз.

Келеңсіз жайлардың алдын алу үшін теміржол мамандары полициямен бірігіп арнайы рейдтер өткізеді. Жүргізушілерге ескерту парақшалары таратылады. Теміржол өткелінен өту тәртібін бұзғандар 10 айлық есептік көрсеткішке сәйкес айыппұл арқалап, бір жылға дейін жүргізуші куәлігінен айрылуы мүмкін.

Дәуренбек Әбдібек 

Хабарламаларға жазылу