Жамбыл облысында жас тракторшылардың республикалық байқауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жас тракторшылардың республикалық байқауы өтті

02.11.2022

Жамбыл облысында жас тракторшылардың республикалық байқауы өтті. Оған еліміздің 8 облысынан ауыл шаруашылығы мамандығына оқып жатқан студенттер атсалысты. Заманауи техниканың тілін меңгерген жастар жер өңдеп, шөп шапты. 

Байқауда бақ сынаған студенттердің ең жасы Әзизбек Юлдашев. 16 жастағы студент Түркістан облысынан келген. Бала кезінен үлкен техникаларға қызыққан ол - бүгінде ауылшаруашылығы саласына қажет деген 10-нан аса көліктің тілін біледі.

Әзизбек Юлдашев, колледж студенті:

Мен осы жарыста жер жыртуды, басқа техникаларды да үйрендім. Комбайн айдадық. Пресс буатын техниканы жүргізді. Оны қақпаға кіргізуді үйрендік. Осындай жарыстар бола берсе деймін.

Нұрдос Болатұлы, тілші:

Міне қазір мен жүргізіп отырған көлік Беларус елінде құрастырылған, МТЗ-1221 деп аталады. Ауылшаруашылығы саласында жер жыртуға арналған нағыз техника. Байқаудың да мақсаты сол студент жастар техниканың қыр-сырын меңгергеннен бөлек, бір-бірімен тәжірибе алмасады. Яғни білікті маман болуға үлкен септігін тигізеді дейді ұйымдастырушылар.

Студенттер 5 бағыт бойынша сынға түсті. Алғашқы екі кезең техниканы дұрыс жүргізу болса, қалған 3 кезеңде жер өңдеп, ептіліктерін көрсетті. Тракторшылар техникамен шөп буып, соқамен жер жыртты.

Тоқтағұл Төлендиев, өндірістік оқыту шебері:

Бір-бірімен тәжірибе алмасу, ұстаздардың болсын. Бірі білгенін бірі білмей жатады. Түрлі жаңалықтар бар. Жаңа техникалар бар. Біздің мысалы Америкалық комбайн ауданда жоқ. Келген қонақтар ескілері бар дегендей. Сол бір бірінен үйреніп, болашақта жақсы маман даярлау біздің мақсатымыз.

Екі күндік шеберлік байқауында өзін ерек көрсеткен Әзизбек екінші орынды қанжығалады. Бас жүлде Жамбыл облысына бұйырды. Осы сайыстың аясында жергілікті колледж шаруа қожалықтардың бірімен келісім бекітті. Енді студенттер тәжірибе жинау үшін қайнаған дала жұмыстарына атсалысады.

Нұрдос Болатұлы

Хабарламаларға жазылу