Ыстамбұлда Республика күні ерекше тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ыстамбұлда Республика күні ерекше тойланды

26.10.2022

Республика күні шет елдерде де кеңінен аталып өтті. Стамбұлдағы Қазақстанның Бас консулдығы Түркияда тұратын Қазақстан азаматтары мен студенттерді жинап, Босфор бұғазында салтанатты кеш ұйымдастырды. Мерекелік шара туралы Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.

Ыстамбұлдың қос жағасын ғана емес, Азия мен Еуропаны бір-біріне жалғап тұрған атақты Фатих Сұлтан Мехмет көпірі Қазақтың көк туының түсіне боялды. Бауырлас Түрік елі Қазақстанның Республика күні мерекесіне осылай құрмет көрсетті. Мейрамды атап өтуге жиылған отандастарымыз кеме палубасында тұрып, әдемі көрініске куә болды.

Әлім Байел, Қазақстанның Ыстамбұлдағы бас консулы:

Біз биыл алғаш рет Республика күнін Босфор бұғазында Азия мен Еуропа арасында атап өтіп жатырмыз. Азаматтарымызбен, студенттерімізбен бірге атап өтіп жатырмыз. Түркия біздің стратегиялық әріптесіміз. Біздің Республика күні 25 қазан болса, бұл елдің Республика күні 29 қазан. Бұл да өзіндік символдық мәнге ие.

Әнұранмен басталған кемедегі кеш түрлі ойындармен, ән-күймен жалғасты. Жырақта жүрген қазақтар қосыла ән шырқап, елге деген сағынышын білдірді.

Гүлбақыт Айтуғанова, логистикалық компания басшысы:

Тек қана қазақ тілінде қазақ туын желбіретіп, бәріміз ойнап күліп, өзара шүйіркелесіп, бұдан асқан қандай ғанибет бар. Мен үшін өте мөте дұрыс. Әрі пайдалы нәрсе.

Әли Жұқанов, Нишанташы университетінің студенті:

Өте қызықты әсері өте күшті. Қазақтар бәріміз жиналып өте көңілді болып жатыр. Осы жылы бірінші рет келіп тұрмын.

Мерекелік кешке Измир, Бурса, Сакария қалаларынан арнайы келген студенттер де қатысты. Осы ілкімді істі ұйымдастырған «Бірлік» қазақ жастары ұйымы әрдайым Түркиядағы қазақтардың басын қосып, бірлікке ұйытқы болып жүреді.

Аслан Серік, «Бірлік» жастар ұйымының төрағасы:

Осы Республика күні бірінші рет тойланып жатыр ғой, Қазақстанда ғана емес, шетелде де тойлансын деп ниетпен осы Стамбулда да тойлау шешімін қабылдаған болатынбыз. Барлығы керемет ойдағыдай болып жатыр. Азия мен Еуропа арасында әнұран айтып Республика күнін тойлап жатқанымызға қуанамыз.

Стамбулдың Үскүдар ауданы әкімдігінің кемесінде өткен ерекше кештің соңында осы шараға атсалысқан және қазақ-түрік қарым-қатынасына елеулі үлес қосқан азаматтар алғыс хаттармен марапатталды.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу