Жолдың жыры: 2019 жылы салынып бітуі тиіс республикалық 17 жол құрылысы әлі аяқталмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолдың жыры: 2019 жылы салынып бітуі тиіс республикалық 17 жол құрылысы әлі аяқталмаған

23.10.2022

Президент 2025 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдардың жағдайын 100 пайызға, жергілікті жолдардың 95 пайызын жақсартуды тапсырған еді. Бірақ, бізде 2019 жылы салынып бітуі тиіс республикалық 17 жол құрылысы әлі аяқталмаған. Құрылыс неге сонша созылып жатыр?

Ақша жоқ емес, бар. Жыл сайын тек жолды жөндеудің өзіне 600 млрд теңге бөлінеді екен. Мәселе осы қаржының қалай игерілуінде. Мердігерлер тендерден ұтып, жазадан құтылуға әбден машықтанып алған. Өйткені заңда олқылық бар. Ол қандай шикілік? Жылда жөндеп, жамап-жасқағанмен, жолдардың сапасы неге нашар? Тілшіміз Аманкелді Сейтхан жауапты ведомоство өкілдерімен, сарапшылармен сұхбаттасып, жол құрылысындағы жемқорлықтың схемаларын анықтап көрген еді.

Бұл қолданысқа былтыр берілуі тиіс Атырау-Астрахань автомагистраліндегі қазіргі көрініс. Жұмыс кестеден бір жылға кешіккені былай тұрсын, тас жол тапсырылмай жатып сыннан өтпеді.

Ал, Шығыс Қазақстандағы Омбы-Майқапшағай-Шілікті-Ақжар бағытында 25 шақырымға былтыр төселген асфальт биыл қопарылып кеткен.

Рысбек Қойекенов, ШҚО тұрғыны:
25 жылда 11 әкім ауысыпты. 11 әкімнің қай әкім келсе де жолға бәрі сөзін береді, береді кетеді. Ешқандай орындалған ештеңе жоқ.

Мұндай мысалдар батыс пен шығыста ғана емес, Қазақстанның барлық аймағында бар. Облыстық, аудандық жолдарды қоспағанның өзінде 2019 жылы тапсырылуы тиіс 17 республикалық жолда жұмыс әлі бітпеген. Жауаптылар негізгі себеп – битум жетіспеушілігі дейді. Биыл битумға сұраныс 1 млн 700 мың тонна болса, елдегі 3 зауыт 1 млн тонна ғана өндірген. Одан бөлек, бар материалды тасымалдаудың өзі қиын.

Берік Дүйсембинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Инертный материал деген бар ғой. Қиыршық тас. Оны әкелу үшін мысалы Батыс облыстарда Оралға 1000 шақырым Ақтөбеден апарады, Атырауға 1000 шақырым. Оған вагон жоқ. Вагондардың жоқтығының өзі үлкен жүйелі проблема.

Осындай себеп көп. Бірақ, кезінде «Қазавтожолда» жұмыс істеген, жолдың жайын жақсы білетін Берік Байғара мұның бәрі қосымша себептер, ең негізгісі компанияларға талап жеңіл дейді. Оның сөзінше, мемлекеттік сатып алу арқылы тендер ұту оңай.

Берік Байғара, жол сарапшысы:
Тендерге қатысады. 100 камазым бар, 100 техникам бар дейді де кіріп кетеді. Ал, нақты келгенде оның жекеменшігі емес ол. Жұмыс істейтін техникалары өзінің жекеменшігі болу керек, ол біреуден алмау керек. Жолды бұзу оңай. Алады да сырып тастайды да, оны сырып тастағаннан кейін бірінші этапы біткеннен кейін белгіленген соманың 30 пайызын алады да, ары қарай созып отырады.

Бұл уақыт аралығында жұмысты ешкім бақыламайды. Мұны жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге жолды тексерген «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің өкілі айтты.

Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
Мысалы келісімшарт болады. Осындай осындай жол керек 100 млрд беремін деген келісімшартты бір жеке компаниямен істейміз. Қызмет берушіні бағалау үшін менде ешқандай әдістерім жоқ. Яғни, ол маған айтады жолды 23-ші жылдың желтосқанында беремін саған. Ал, 2 жыл ішінде не болады сенің шаруаң жоқ. Өйткені, ешқандай талап жоқ.

Ал, неге талап қойылмайды десеңіз...

Жамбыл Бақтияр, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:
Мемлекеттік сатып алу туралы заңда жазылып тұр. Егер мердігер участокте жұмыс істейтін болса егер онда лицензия болса қосымша талаптарды Казавтожолда, ешкімде қоя алмайды. Сондықтан кейбір компаниялардың лицензиясы бар, бірақ, учаскеге барғанда бірде-бір техникасы жоқ.


Берік Байғара, жол сарапшысы:
Өйткені, ол ары қарай жолды бітіре алмайтынын біледі. Оған выгодно, министрлік оны сотқа берсе, сотпен 2 жыл, 3 жыл алысып жүріп, жасаған жұмыстарын көрсетіп, жеген ақшаларын сонымен есептеп, сытылып кету. Ал, мен сізге айтайын, егер министрлік ол мердігерді сотқа беретін болса, сот 1 жарым жылға созылып кететін болса, мысалы, қазір Майқапшағай қалбатау жолы сот боп жатыр. Ол жерде министрлік бір тасына тие алмайды сот біткенше.

Яғни, мердігермен соттасу уақыт жағынан тиімсіз. Ал, келісімшартты бұзу қаржылай тиімсіз.

Жамбыл Бақтияр, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:
Балқаш Бурылбайталда 3 мердігермен келісімшартты бұздық. Күрті-Бурылбайталда 1 мердігермен бұздық. Сонымен Қандыағашта да бір мердігермен келісімшартты бұздық. Біздің министрліктің мердігерлермен келісімшартты бұзуға қауқары жетеді. Бірақ, оның мемлекетке тиімсіз жағдайы да бар. Рәсімдер өте қиын. Банктер кейде ақшасын қайтармайды. Онымен соттасасың. Оның бәрі қосымша ресурс талап етеді. Біз сот рәсімдерін созып жүрсек, ана жақта істелген жұмыс далаға кетуі мүмкін.

Бір қызығы, компания сотта жеңілген күннің өзінде келесі тендерге қатысу мүмкіндігін біржола жоғалтпайды. Себебі, жаза қатал емес.

Берік Байғара, жол сарапшысы:
Сізді қара тізімге кіргізеді. Сіз мемлекеттік сатып алуға қатыса алмайсыз. Бірақ, енді сіз заманауисыз ғой. Ол ЖШС-ті жабасыз да, жаңа ЖШС ашып қайта кіре аласыз ғой.

Міне, осы олқылықтарды түзеу үшін заңға өзгеріс енгізу керек,- дейді жауапты министрлік өкілі. Ал, сарапшылар жол сапасын тексеретін ұйымдардың жауапкершілігін күшейту керек деген пікірде.

Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
Жеке лабораториялар бар. Және де жолды салатын техникалық, авторлық бақылайтын компаниялар бар. Бірақ, жолдың сапасы төмен болғанда оларда ешқандай жауапкершілік жоқ, ол да қызық мәселе. Егер техникалық бақылауды жасайтын компанияның жол салатын компаниямен қатынасы болса ол жемқорлық деп саналды.

Елімізде жол сапасын негізгі қадағалаушы мемлекеттік мекеме - «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы». Олар биыл 10 жарым мың тексеріс жасапты.

Елдар Әбенов, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бөлім басшысы:
Тексерістер барысында 6200 заң бұзушылық анықталды. 25 мыңнан астам сынама алдық. Оның ішінде 6200 сыанама сәйкес келмейді стандарттарға. 19 техникалық қадағалаушының аттестаты тоқталып, 2 мердігер компания лицензиясынан айырылып отыр.

Бұл орталықтың өзі облыстық жолдарды тек келісімшарт арқылы тексере алады. Яғни, жолды тексергені үшін қаржыны әкімдіктер төлейді. Мұнда да сұрақ бар...

Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
Жол сапа институты мысалы біз бірнеше рет оларға өтініш жаздық. Міне, осындай жол бар, бір жыл бұрын салынған, бірақ қазір шұрық-тесік, өтуге мүмкіндік жоқ. Олар бізге айтады бізде осы әкімшілікпен немесе мекемемен келісімшарт жоқ, олар бізге ақша төлеген жоқ. Сондықтан біз тексере алмаймыз дейді. Сонда бір сұрақ ақшаны анау төлеп тұрса сен қандай шешім шығарасың...
Жамбыл Бақтияр, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:
Осындай олқылықтарды жою үшін. Біз қазіргі уақытта заңға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Қаржыландыру көзіне қарамастан, тек қана республикалық бюджеттен бір тапсырма беріледі бүкіл жолдың сапасын тексеру туралы сондай заң енгізіп жатырмыз.

Жаңа заңда мердігерге талап күшеймек. Яғни, олар енді жұмыстың 70 пайызын өзі атқаруы тиіс. 30 пайызын ғана қосалқы мердігерге бере алады. Оның өзінде министрліктің рұқсатымен. Мүмкін заңға осы өзгерістер енсе, 2025 жылдың соңында республикалық жолдардың жағдайы100 пайызға жақсарып қалар? Бірақ, апта басында мәжіліс депутаты Альберт Рау оған күмән келтірді. Себебі, жол салуға қатысты Ұлттық жобада қарастырылған 40 жобаның 18-і 2025-ші жылы басталмақ.


Хабарламаларға жазылу