Өңір жұртымен кездесуден соң Президент Қонаевты аралады. Аллеяға барып, еңбек ардагерлерімен және танымал спортшылармен кездесті. Жүздесуге келгендер қалаға Қонаевтың есімін бергені үшін мемлекет басшысына алғыс айтып, кітап сыйға тартты. Ал Ұлттық спортты дәріптеуші Тимур Сыпатаев «Қазақ елінің бірлігі шегедей мықты болсын» деген тілекпен темірден түйін түйді. Күш иесінің өнерін тамашалаған Президент те шеге майыстырып көрді.
Президент «G4 City» жобасымен танысты
Бұдан соң Президент «G4 City» жобасымен танысты. Алматы – Қонаев автомагистралінің бойында іске асатын жоба аясында, төрт заманауи аудан салу көзделген. Оның бірі қаржылық-іскерлік, енді бірі білім беру және медициналық кластер ретінде дамиды. Тағы бір ауданда экспортқа бейімделген сауда-логистика және инновациялық-индустриялық өнеркәсіп нысандары шоғырланады. Ал төртінші ауданда курорттық кешен, гемблинг индустрия нысандары мен саябақтар орналасады. Әрі осында шетелдік инвесторлардың көмегімен, арнайы экономикалық аймақ құрып, жаңа халықаралық әуежай салу жоспарланған.
Досжан Маратұлы