Иран Ресейге дрондармен қоса баллистикалық зымыран беруге уәде еткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иран Ресейге дрондармен қоса баллистикалық зымыран беруге уәде еткен

19.10.2022

Иран Ресейге дрондармен қоса баллистикалық зымыран беруге уәде еткен. Мұндай ақпаратты Рейтер агенттігі Тегерандағы 4 шенеунік берген дерекке сілтеме жасап жариялады. Ресейге қару беру туралы келісім 6 қазанда Иранның лауазымды тұлғаларының Мәскеуге сапары кезінде жасалған. Рейтерге бұл ақпаратты берген дипломаттардың сөзінше, ресейліктер ирандық дрондар мен Фатех және Зольфагар баллистикалық зымырандарын сұраған. Дегенмен Тегеран Ресеймен мұндай келісім жасалғанын жоққа шығарды.

Ал Украина Иранмен арадағы дипломатиялық қатынастарды үзуді қарастырып жатыр. Ел билігі Киевке дүйсенбіде ирандық Шахед дрондарымен соққы берілгенін мәлімдеген. Мәскеу шабуылға аталған аппараттарды қолданғанын растаған жоқ.

Сонымен бірге Ресейдің Қорғаныс министрлігі өзінің Ту-95 стратегиялық бомбалаушы ұшақтары Тынық мұхит, Беринг және Охота теңіздері үстімен 12 сағаттай ұшқанын мәлімдеді. Рейтердің дерегінше, бұл зымыран тасығыштар АҚШ және Жапонияға жақын ұшқан. Мұндай маневр Украинадағы қарулы қақтығысқа орай Ресей мен Батыстың қарым-қатынастары шиеленіскен тұста жасалып отыр.

Арай Төлеген

Хабарламаларға жазылу