ТМД елдері басшыларының саммиті өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ТМД елдері басшыларының саммиті өтті

14.10.2022

Су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ әдісін әзірлейтін уақыт келді. ТМД елдері басшылары кеңесінің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді. Президент әріптестерін осы мәселені шешуге қатысты нақты ұсыныс айтуға шақырды. Сонымен бірге келер жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына Қырғыз Республикасы төрағалық етпек.

Осы күндері Астанада өтіп жатқан халықаралық жиындардың бірінде бүгін бірқатар мемлекеттің басшысы қайта бас қосты.

Бұл Тәуелсіз мемлекеттер достастығының пандемиядан кейін алғашқы толыққанды саммиті. Шағын құрамдағы кездесуде тоғыз елдің басшысы отыр. Наурызда ғана сайланған Түрікменстан президенті Кеңес мүшесі ретінде жиынға алғаш рет қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовтың жауапты қызметіне табыс тіледі.

Қазақстанның ТМД елдерімен тауар айналымы былтыр 32 млрд 800 млн доллар болды. Үш жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 30 пайызға өсті. Ал биыл мамырға дейін тараптар алыс-берісті 8 млрд долларға жеткізді.

Бұған дейін ТМД елдері Экономикалық даму стратегиясының ережесін орындауға назар аударған. Қасым-Жомарт Тоқаев жоспарды бірлесіп орындау – экономиканы қайта қалпына келтіруге күш салғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгін Мемлекеттер басшылары кеңесінің қарауына гуманитарлық серіктестікке, қауіпсіздікке және ынтымақтастығымыздың басқа да аспектілеріне қатысты маңызды мәселелер ұсынылып отыр. Жаһандық және өңірлік экономиканың тұрақсыздығы жағдайында біз тығыз сауда-экономикалық байланыстарды сақтау үшін қолда бар барлық әлеуетті жұмылдыруымыз қажет.

Климат мәселесі бұл жиынның да өзекті тақырыбына айналды. Жаһанда күн өткен сайын су көзін табу, халыққа жеткізу проблемасы шиеленісе түсті. Президент су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін достастық елдерін нақты ұсыныс беруге үндеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз бұл мәселемен түрлі халықаралық формат аясында айналысып, екіжақты негізде өзара тиімді шешімдерді қарастырамыз. Сонымен бірге Достастықтың бүкіл кеңістігінде су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ әдістерін әзірлейтін уақыт келді. ТМД атқарушы комитетіне трансшекаралық су ресурстарын өзара тиімді пайдалану жөнінде нақты ұсынымдар беруді ұсынамын.

Шағын құрамдағы кездесу кеңестің кеңейтілген отырысына жалғасты. Мемлекет басшылары бірден ресми құжаттарға қол қоюға көшті. ТМД атқарушы хатшысы лауазымын Бас хатшы лауазымына өзгерту туралы ұсыныс айтылды. Кейін БАҚ өкілдерімен кездесуде атқарушы комитеттің төрағасы Сергей Лебедев қабылданған ортақ шешім тығыз қарым-қатынастың жемісі деп түйіндеді. Күрмеуі шешілмеген мәселелер әлі де бар. Сондықтан көпжақты келіссөзді ширату қажет.

Сергей Лебедев, ТМД атқарушы комитетінің төрағасы:
Атқарушы комитеттің басшысы ретінде Қазақстан төрағалық еткен кезеңдердегі жүзеге асқан шараларға оң баға бергім келеді. Біз иық тіресе жұмыс істедік. Мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақты сақтау мен нығайту бойынша көп жұмыс атқарылды. Алда ТМД экономикалық кеңесінің отырысы бар. Ол 9-желтоқсанда Мәскеуде өтеді. Қазақстан төрағалық ететін басқосу да жемісті болады деп үміттенеміз.

Ақерке Бектас, тілші:

Державалар арасындағы сауда соғысы, санкцияның салқыны оған көрші елдерді айналып өтпейтіні белгілі. Бүгінгі уақыт сол үшін өзара сенім мен қауіпсіздікті нығайтуға одан әрі күш салу керегін көрсетіп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдері арасында қауіпсіздік саласындағы бұған дейін маңызды құжат қабылданғанын тағы бір еске салды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына келер жылы Қырғыз Республикасы төрағалық етпек. Қазақстан мен Ресей теңтөраға болады. Тараптар келесі кеңесті қазан айында Бішкекте өткізуге уағдаласты.


Хабарламаларға жазылу