Түркістан облысында жолдау жүктеген міндеттер талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жолдау жүктеген міндеттер талқыланды

14.10.2022

Әлеуметтік кодекстің жобасын әзірлеу барысында сарапшылар мен азаматтық қоғам ұйымдарынан 1000-нан астам ұсыныс түскен. 50-ден астам заң мен 200 заң актілері зерделенді. Түркістандағы тігін фабрикасының ұжымымен кездескен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жаңа жоба жайлы осылай деді. Министрдің айтуынша, отбасының цифрлық картасы арқылы әрбір жанұяның әлеуметтік тұрмысы жақсарады. Жастарға төмен пайызбен несиелер беріліп, бизнесін жүргізе алады. Жиында сондай-ақ, бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайту, азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруды жетілдіру мәселелері сөз болды.

Малика Жүсіпова, қоғамдық ұйымның төрайымы:

Келешекте зейнетақы қаншалықты болады, оған қанша қосылым пайызы бар не болмаса мүгедек балаларға қандай көмегі бар. Осы цифрлы картаның қандай көмегі бар, соның барлығын талдап бізге қазір айтып берді. Мысалы ана ретінде қазір өзім қанағаттанып сол сұрақтардың жауабын алып, жақсы бір әсер алып отырмын.

Ал, Фараб кітапханасында облыс жұртшылығымен кездескен министр мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерді төлеуде енгізілетін өзгерістер жайлы баяндады. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балаларға төлеу тәртібі мен тұрмысы төмен отбасыларды қолдау шараларының күшейтілетінін атап өтті. Бастысы, жұрт құжат толтырып сабылмайды, бәрін цифрлы жүйе арқылы рәсімдеуге болады, деді Тамара Дүйсенова.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу