Дүниежүзі қазақтары құрылтайына - 30 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дүниежүзі қазақтары құрылтайына - 30 жыл

28.09.2022

Тәуелсіздік алғалы тарихи отанына 1 миллионнан астам этникалық қазақ оралған. Ал бірінші дүниежүзі қазақтары құрылтайының биыл 30 жылдығы. Осыған орай елордада кең көлемде мерейтойлық форум өтті. Тілшіміз барып, көріп қайтты:

Дархан Рахымжан, тілші:

«Қазақ елі: өсіп-өркендеудің тұжырымдамалық негіздері және жаһанданған әлемге бейімделу». Бүгінгі Халықаралық форумның тақырыбы осындай. Іс-шараға қоғам және мемлекет қайраткерлері, депуттатық және дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ Әзірбайжан, Германия, Дания, Түркия, Франция қазақ диаспораларының өкілдері, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері қатысып жатыр. Жиналғандар I Дүниежүзі қазақтары құрылтайының алғышарттарын, ұйымдастыру мен өткізу тарихын, оның маңызы мен нәтижелерін, және қазіргі сын-тегеурін мен қауіп-қатер жағдайында ұлтты ұйыстырудың одан арғы перспективаларын талқылауда.

Дихан Қамзабекұлы, «Egemen Qazaqstan» ЖШС бас директоры:

Форумның маңызы - елімізге келіп, орнығып, жұмыс жасап жатқан миллионнан астам өзіміздің қандастарымызбен бірге шеттегі біздің диаспора өкілдерінің арасындағы алтын көпір болатындай іс-шараларды белгілеу.

Дархан Рахымжан, тілші:

Сондай-ақ форум жұмысы аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасының қорындағы архив құжаттары мен кітаптарының көрмесі, дәстүрлі қазақ қолөнері мен ұлттық киімдерінің көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Қонақтар назарына Тұңғыш Президент музейінің экспозициялары, сондай-ақ Дүниежүзі қазақтары құрылтайының 30 жылдығына арналған «Туған елім – тірегім» тақырыптық көрме ұсынылған.

Дархан Рахымжан


Хабарламаларға жазылу