Сайлаудың өтетін күні белгілі – 20 қараша. Бірақ әзірге үміткерлер белгісіз. «Аманат» партиясы ғана жоспарын айтты. Бір кандидат ұсынамыз және ол – Тоқаев деп отыр. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қай партия немесе бірлестік атынан қатысатыны туралы шешімін жарияламады.
Қоғам белсенділері де тіркеле қойған жоқ. «Сайлау болады» дегелі бұған дейін саяси додада бақ сынағандар да суырылып шықпады.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина сайлауды өткізуге шамамен 20 млрд 500 млн теңге жұмсалатынын айтты. Оның сөзінше, қаржының көбі сайлау комиссиясы мүшелерінің еңбекақысына және дауыс беру жәшігін ауыстырып, бюллетеньдерді әзірлеуге бөлінеді. Ал, үгіт-насихат жұмысы үшін әр кандидатқа 10 млн теңгеден берілуі мүмкін.
«Сайлау комиссиясының 70 мыңнан астам мүшесі бар. Олардың еңбекақысы ең төменгі жалақы критерийіне сай төленеді. Ең төменгі жалақы қазір 60 мың теңге. Одан бөлек, бюллетеньдер қымбаттаған. 2019 жылы бір бюллетеньге 11 теңге жұмсалса, қазір 22 теңге. Елімізде сайлау жәшігін шығаратын 4 кәсіпорын бар, олардың бағасы 72 мыңнан 114 мың теңгеге дейін болады».-деді Сәбила Мұстафина.
31 жылда Қазақстанда президент сайлауы 6 рет өтіпті. Соның біреуі ғана белгіленген мерзімде, ал, бесеуі – кезектен тыс. Бұл жолғы ерекшелік: бюллетеньге «бәріне қарсымын» деген тармақ енгізілді. Үміткерлерге қандай талап бар және олардың маңызы неде? Өзге елдерде қандай ценз қойылады? Тілшіміз Амангелді Сейтхан осы тақырыпты зерттеген еді, сюжетін көрсек...
Кезектен тыс президент сайлауына 56 күн қалды. Бүгін үміткерлерді тіркеудің үшінші күні. Әзірге бірде-бір ұйым кандидат ұсынған жоқ. Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев 1 қыркүйектен бері үміткерлер кім болатыны қоғамда іштей талқыдан өтетіндей уақыт болды деп есептейді.
Бауыржан Серікбаев, саясаттанушы, қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:
Президент сайлауының уақыты да бірінші қыркүйекте айтылды. Бір айға жуық уақыттың ішінде эксперттер болсын, саяси партиялар болсын, қозғалыстар болсын олардың барлығы да талқылап, дайындап, қорытып үлгеретіндей уақыты болды.
Уақыт берілді десек те, сайлау кезектен тыс өткелі отыр. Саяси доданы дәл қазір өткізудің маңызы неде?
Елдос Жұмағұлов, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:
Қаңтардан бері қанша өзгерістер болды. 2 жолдау жарияланды, жаңа конституция қабылданды. Енді осы өзгерістерді жасау үшін президент жаңа сенім мандатын алу керек, өйткені, осы реформаларды халық қолдай ма, қолдамай ма деген сияқты сұрақ, осы сайлауда халық дауыс беру арқылы жауап береді деп ойлаймын.
Кандидаттары тіркеу 23 қыркүйекте басталған. 11 қазанда кешкі 6-да аяқталады. Заң бойынша үміткерді тек саяси партия немесе республикалық, 9 филиалы бар қоғамдық бірлестік қана ұсына алады. Әділет министрлігінің есебінше, Қазақстанда мыңға жуық қоғамдық бірлестік бар.
Сұлтан Байдүйсен, ҚР Әділет министрлігі тіркеу қызметі және заң департаментінің сарапшысы:
Қазіргі таңда республикалық қоғамдық бірлестіктердің саны 925. Бұл қоғамдық бірлестіктерді тіркеу үшін қажетті құжаттарды жиын өткеннен кейін 2 ай ішінде мемлекеттік тіркеу үшін өтініш беріледі. Құжаттарды өткізгеннен кейін 5 жұмыс күнінің ішінде жүргізіледі.
925 ұйымның бәрі кандидат ұсына ала ма? Оны орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Ал, сайлауға қатысатын үміткерлердің өзіне 7 талап бар:
Біріншіден, туғаннан Қазақстан азаматы болуы керек. Елде соңғы 15 жыл бойы тұруы, жоғары білімінің болуы және жасы 40-тан асуы міндетті. Белсенді сайлау құқығына ие болу, мем¬ле¬кет¬тік тілді еркін меңгеруі әрі мемлекеттік қызметте неме¬се сайланбалы лауазымда ке¬мінде 5 жыл жұмыс істеуі тиіс. Одан бөлек, әр кандидат сайлауға түсу үшін үш миллион теңге жарна төлеуі керек.
Константин Петров, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
Бұл жарна егер кандидат сайлауда жеңіп шықса немесе сайлаушылардың 5 пайыз дауысын жинаса өздеріне қайтарылады.
Осы талаптарға сай елімізде қанша адам бар екені белгісіз. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров те ондай мәлімет жоқ деді. Ал, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің дерегінше, қазір 88 мың мемлекеттік кызметші бар.
Жұмыс өтілі 5 жылдан асқаны - 20 мыңдай. Ал, сайлауға мемлекеттік қызметте бұрын болғандар да қатыса алады. Бұдан бөлек, Парламент пен мәслихатқа сайланып, кемінде 5 жыл депутат болғандар да үміткер бола алады. Сонда қанша адам талапқа сай екенін тап басу қиын.
Бірақ, қоғамда осы талап құқықтық шектеу деген де пікір бар. Ал кейбір сарапшылар бұл талаптың болуын қолдайды.
Ермек Тоқтаров, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі:
Біздің саяси жүйемізде президент бүкіл саяси жүйенің басшысы. Сондықтан, әрине президент болатын үміткерлер мемлекеттік қызмет жағынан тәжірибесі болуы керек. Бұл ішкі саясатты, мемлекеттік басқару жүйесін ішінен білуі керек.
Үміткер туғаннан Қазақстан азаматы болуы керек деген шектеудің мәні не?
Алуа Жолдыбалина, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:
Халықаралық құқық бойынша, нормасы бойынша мемлекет басшысы болғаннан кейін негізінен осы елдің өмір бойғы азаматтығында болу керек. Бұл жаңағы қауіпсіздікке байланысты да. Себебі, азаматтықты айырбастайды ғой, алады деген сияқты.
Шет мемлекеттерде де президент болуға үміткерге қойылатын талаптар әртүрлі. Көп елде үміткерлер соңғы 10-15 жылда осы мемлекетте тұруы міндетті. Ал, жасына байланысты шек әр түрлі. Мысалы, Италияда кандидат 50-ден асуы керек. Қырғызстанда 35-ке толған, 70-ке жетпеген болуы тиіс. Ал, Францияда 18-ден асқан азамат үміткер атана алады.
Ермек Тоқтаров, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі:
Мысалы, Финляндияда, тағы басқа да Еуропалық мемлекеттерде президенттің бір жылжымайтын мүлігі болуы керек, бір жылжымалы мүлігі болуы керек. Осындай талаптар да бар. Францияда тағы басқа да елдерде президент әскери қызметтен өтуі керек, сондай да талаптар бар.
Ал, Өзбекстанда діни ұйымдардың мүшелері кандидат бола алмайды. Өйткені, Өзбекстан конституциясының 61-бабында «Мемлекет діни бірлестіктердің қызметіне араласпайды» - деп жазылған. Тиісінше, діни қызметкерлер мемлекеттік саясатқа араласқысы келсе, ұйымнан шығуы тиіс. Осы Өзбекстан орталық сайлау комиссиясының тұрақты мүшесі Гүлноза Рахимованың өткен жылғы зерттеуінше:
Түркияда судьялар, мемлекеттік және әскери қызметкерлер сайлауға қатысу үшін отставкаға кетуі керек. Ал, Мексикада президенттікке кандидат сайлаудан алты ай бұрын мемлекеттік хатшы, бас прокурор, губернатор қызметтерін атқармауы тиіс. Ал, Дональд Трамп пен Владимир Зеленскийдің сайлануы, АҚШ пен Украинада кандидат мемлекеттік қызметте болуы тиіс деген талаптың жоқ екенін білдіреді.
Алуа Жолдыбалина, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:
Бұл ережеден тыс кейста. Басым бөлігі мысалы АҚШ-тың президенттерін қарасаңыз кезінде мемлекеттік қызметте істеген адамдар. Бұл қалыпты жағдайдан болып тұрған ерекше кейс. Бірақ, ол толыққанды барлық мемлекеттерге ортақ заңдылық бола алмайды.
Иә, кандидаттарға қойылатын талапты әр ел өзі бекітеді. Ал, сайлаудың басты принципі ашық әрі әділ өтуі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 21 қыркүйектегі үндеуінде «сайлау науқаны заңға сәйкес өтетініне кепілдік беремін» деді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуі:
Мен Мемлекет басшысы ретінде сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беремін. Оны отандық және шетелдік байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өткізетін боламыз. Айта кетейік, кан¬ди¬дат¬тарды тіркеу 11 қазанда аяқталған соң, сайлауға дейінгі үгіт-на¬си¬хат жұмысы 21 қазаннан басталып, 18 қарашада кешкі сағат 6-да тоқтатылады. 19 қа¬ра¬ша тыныштық күні. 20-сы сайлау. Ал, 21-нен 27 қарашаға дейін сайлаудың алдын ала қорытындысы шығуы тиіс.
Амангелді Сейтхан